Accessibility links

Қаңтарда 4 жасар Айкөркемге оқ атты деп күдікке ілінген адамның ісі "өкілетін асыру" бабымен тергелген. Іс сотқа беріледі


Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркем.
Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркем.

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары аяқталды. Бір адам күдікті деп танылған, іс сотқа берілмек. Бұл жөнінде Азаттыққа Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан хабарлады. Ол іс "өкілетін асыра пайдалану" бабымен тергелгеніне және бір ғана күдікті болғанына наразы.

Айдос Мелдеханның айтуынша, адвокаты 14 ақпан күні жазылған ескерту хат алған. Хатта тергеу амалдары аяқталғаны, жәбірленуші тарап қылмыстық іс материалдарымен таныса алатыны және қосымша тергеу амалдары туралы өтініш беруге болатыны жазылған. Хатқа ІІМ әскери-тергеу басқармасының оңтүстік аймақ округінің аға тергеушісі Құсайынов қол қойған.

Айқөркемнің әкесі Айдос Мелдехан Азаттыққа істі "билік өкілетін асыра пайдалану" (451-бап) бабы бойынша тергеп жатқанына келіспейтінін айтты.

"Президент аппаратына да, бас әскери прокуратураға да жаздық. Істі 451-баппен жүргізіп жатқанына келіспейміз дедік. Жауап әлі келген жоқ. "Ерекше ауыр" қылмыс санатынан "ауыр" қылмысқа ауыстырған. Олар нені көксеп отырғанын білемін. Ертеңгі күні оған президент жарлығымен рақымшылық жасайды. Болды – ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Іс "адам өлтіру" бабымен тергелсін" деді Айдос Мелдехан.

Ол сонымен бірге қызының өліміне қатысты істе бір ғана адам күдікті деп танылғанына наразы екенін айтты.

"Айыпталушылар арасында командир-лейтенант болуы керек. Бірақ атқандарды жауапқа тартпайды. Қандай жағдай болса да, шешімге шағым түсіреміз. Сараптама нәтижесі бір оқ бір мылтықтан шыққанын көрсеткен. Бірақ мылтық кімге тиесілі екенін олар білмейді-міс. Сол себепті бұйрық берген командирді жауапқа тартып жатыр. Айкөркемге тиген оқты таппаған, деформацияға ұшыраған деп айтылады. Жанельге (Айдос Мелдеханның қызы) жеті оқ тиген, біреуін ғана жарамды деп тапқан, қалғаны деформацияланған дейді" деді Айдос Мелдехан.

Төрт жасар Айкөркем Мелдехан былтыр 7 қаңтарда Алматыда дүкен іздеген жақындарына ілесіп жүрген кезде оққа ұшқан. Оның 16 жастағы әпкесі жараланып, ақпанда ауруханадан шыққан. Көлікке кім оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз. Балалардың әкесі бұған дейін көліктен әскери оқ тапқанын хабарлаған.

Айдос Мелдехан былтыр Азаттыққа 4 жасар бүлдіршіннің қазасы тергелмей отырғанын, оның отбасына қоқан-лоқы жасалғанын айтқан.

Биыл қаңтарда Айдос Мелдехан іс "қылмыс құрамы болмағандықтан жабылғанын" хабарлаған. Бұған қоса, былтыр желтоқсанның аяғында бастапқыда "адам өлтіру" бабы бойынша қозғалған іс "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша тергеле бастағаны да белгілі болды. Қылмыстық іс құпияланған. Айдос Мелдехан шағымынан кейін Айкөркемнің қазасы бойынша іс қайта жалғасқан.

XS
SM
MD
LG