Accessibility links

Respublica ұсынған екі кандидат өтініш жазып, "өздерін партия тізімінен" шығаруды сұраған


Respublica мүшелері ОСК жиынында. Астана, 15 ақпан, 2023 жыл.
Respublica мүшелері ОСК жиынында. Астана, 15 ақпан, 2023 жыл.

Орталық сайлау комиссиясы Respublica атынан мәжіліс сайлауына партия тізімі бойынша қатысатын 25 адамның 23-ін тіркеді. Екі адам – Дархан Иманашев пен Олжас Сұлтанов тіркелген жоқ. Сайлау комиссиясының түсіндіруінше, бұл екеуі "өздерін партия тізімінен шығару туралы өтініш берген".

ОСК қалған кандидаттар заң талаптарына сәйкес деді. Тізімдегілердің 34,8 пайызы – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар.

Партия 2021 жылғы қаңтарда өткен парламент сайлауына қатыспағандықтан, партия тізіміне енген әрбір мүшесі үшін 1 млн 50 мың теңге жарна төлейді.

15 ақпан күні Respublica өкілдері журналистердің "партия Ақорданың жобасы ма?" деген сұраққа "жоқ" деп жауап берді.

"Біз қаржы жағынан тәуелсіз, еркін ойлы азаматтармыз. Біздің әрқайсымыздың артымызда ұжымдар тұр. Егер біз біреудің жобасы болсақ, қауіпті жобаға айналамыз. Біз ешкімнің жобасы емеспіз" деді партия басшысы Айдарбек Қожаназаров.

ОСК бұған дейін Қазақстан халық партиясы, "Ауыл", "Ақ жол", ЖСДП және "Аманат" партиясы атынан мәжіліс сайлауына қатысатын кандидаттарды тіркеген.

  • Respublica биыл қаңтарда мәжіліс және мәслихат сайлауы жарияланбай тұрып ресми тіркеуден өткен. Партия құрамында кәсіпкерлер мен блогерлер бар.
  • Кейбір сарапшылар билік "өздеріне адал" топтардың ғана тіркелуіне рұқсат беріп, көзбояушылық жасап отыр деп сынайды. Елде билікке шынайы бәсекелес бола алатын партиялар тіркеуден өте алмай отыр.
  • Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарды сайлау 19 наурызда өтеді. Сайлауға түсетін кандидаттарды тіркеу 20 қаңтарда басталған, кандидаттарды ұсыну 8 ақпанда аяқталған. Үміткерлерді тіркеу 18 ақпанға дейін жалғасады. 21 қаңтарда орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауына ресми тіркелген жеті партия қатысатынын хабарлаған. Мәжілістегі 98 депутаттық орынның 28-і бірмандатты округтер арқылы, қалған 69-ы партия тізімі арқылы сайланады.
  • Бұған дейін саяси қызметімен танылған бірнеше қоғам белсендісі де бірмандатты округтер арқылы сайлауға қатысқысы келетінін білдірген. Олардың кейбірін түрлі себеппен тіркемеген. Кей сарапшылар билік тәуелсіз ой-пікірімен танылған белсенділердің тіркелуіне жол бермейді дейді.
  • Батыс бақылаушылары Қазақстанда болған сайлаулардың ешбіріне әділ және еркін өтті деп баға берген емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG