Қазақстандық марафоншы және азаматтық белсенді Марат Жыланбаев өзіне қатысты "сайлаудың үгіт-насихатын уақытынан бұрын бастады" деген айыппен әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. Ол 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауына түспекке шешім қабылдаған.
Жыланбаев аудандық прокуратураның қаулысын кеше, 16 ақпанда алған. Сөзінше, прокуратура әлеуметтік желіде жарияланған видеосына байланысты іс қозғаған. Жыланбаев мәжіліс сайлауына кандидат ретінде тіркелмей тұрып, 1 млн 50 мың теңге сайлау жарнасын жинау үшін желіге видео жариялаған.
Астананың Алматы аудандық прокуратурасы Жыланбаевтың 29 қаңтардағы видеосын "үгіт-насихат" деп есептейді. Қаулыда іс әкімшілік сотта қаралатыны жазылған.
Билікті ашық сынап жүрген Жыланбаев Азаттыққа видеосы тек сайлау жарнасын төлеуге ақша жинау туралы болғанын, кандидат ретінде тіркелмей тұрып видеоны алып тастағанын айтады.
"Прокуратурамен келіспеймін, себебі постым 1 млн 50 мың теңге жинау туралы ғана болды. Посты кандидат куәлігін алмай тұрып, 29 қаңтарда жарияладым және кейін алып тастадым. Ал кандидат куәлігін 7 ақпанда алдым" дейді ол.
Астанадағы аудандық прокуратура белсенді Амангелді Жахинге ("Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру бастамашыл тобының мүшесі) де осындай баппен қаулы шығарған. Мәжіліс сайлауына кандидат ретінде тіркелген Жахиннің сөзінше, прокуратура Facebook желісіне жариялаған видеосын "уақытынан бұрын басталған үгіт-насихат" деп есептейді. Белсенді прокуратураның бұл әрекетін тәуелсіз кандидатқа қысым деп біледі.
Әкімшілік кодекстің 102-бабында ("сайлау алдындағы үгiтті оған тыйым салынған кезеңде жүргiзу") 15 АЕК (51750 теңге) айыппұл қарастырылған.
Ratel.kz сайты бүгін, 17 ақпанда Қарағанды көшелерінде "Аманат" партиясы кемі екі билбордты ілінгенін хабарлады. Оның бірі халық көп жүретін Республика алаңында тұр.
Елде кандидаттарды тіркеу, ертең 18 ақпанда сағат 18.00-де аяқталады. Үгіт-насихат осы уақыттан басталып, 18 наурызда тоқтайды. Ал 19 наурыз – дауыс беру күні.
ОСК таратқан 15 ақпандағы мәлімет бойынша, бірмандатты 29 сайлау округі бойынша 609 кандидат ұсынылған. Олардың 79-ын партиялар (29 кандидат биліктегі "Аманат" партиясынан), бес кандидатты қоғамдық бірлестіктер ұсынған. 525 адам – тәуелсіз кандидат.
Ресми ақпарат бойынша, елде барлығы 223 мәслихатқа 3415 депутат сайланбақ.
Биыл мәжіліске кандидаттар 1 млн 50 мың теңге, мәслихатқа кандидаттар 350 мың теңге жарна төлеуі керек.
"Аманат", "Ақ жол" және Қазақстанның халық партиясы (бұрынғы атауы – Қазақстанның коммунистік партиясы) осыған дейінгі мәжілістен орын алғаны үшін жарна төлеуден босатылды. 2021 жылғы парламент сайлауында бес пайыздан аса дауыс алған "Ауыл" партиясы да бұл міндетті төлемді төлемейді.
ПІКІРЛЕР