АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Виктория Нуланд АҚШ Украинаның аннексияланған Қырымдағы ресейлік әскери нысандарға соққы жасауын қолдайды деп мәлімдеді.
"Ресей Қырымда көптеген әскери нысан тұрғызды. Украинаның оларға соққы жасауға құқығы бар, біз оны қолдаймыз. Қырым демилитаризацияланбайынша, Украина өзін қауіпсіз сезіне алмайды" деп мәлімдеді Нуланд. Ол 16 ақпанда Карнеги орталығында баяндама жасады.
Нуландтың пікірінше, дегенмен Қырым мәселесіне жетпес бұрын, украин әскері ауқымды аймақтарды қайтарып алуға тиіс.
"Қазір олар осыған күш салып жатыр" дейді АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары.
"Вашингтон Украинаға көмектесемін деп, Кремль жүргізген қандай да бір "қызыл сызықты" басып кетемін деп қауіптенбей ме?" деген сұраққа Нуланд "АҚШ ешқашан Қырымды Ресей аумағы деп таныған емес және Украинаға халықаралық дәрежеде мойындалған барлық аумақ тиесілі" деп жауап берді.
"Украина өз жерін қайтаруға тырысып жатыр және АҚШ Киевті, оның келесі шабуылға дайындығын да қолдайды" деп мәлімдеді Нуланд мемлекеттік департаменттегі брифингіде.
Виктория Нуландтың сөзіне реакция білдірген Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Мәскеу "АҚШ Украинадағы соғысқа араласып жатқанына кезекті рет көз жеткізіп отыр" деді.
"Украинаның Ресей аннексиялаған Қырымды қарумен қайтару ықтималдығы Ресей президенті Владимир Путин үшін "қызыл сызыққа" айналуы және Украинаны атқылауды үдетуге себеп болуы мүмкін" деген пікірді, Politico басылымының жазуынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен айтқан. Дегенмен Блинкен Қырымға шабуылдау-шабуылдамау мәселесін Украина билігі өзі шешуі керек деп айтқан.
Бұған дейін АҚШ ақпарат құралдары "Пентагон Украина жақын арада Қырымды қайтарады" дегенге күмәнмен қарайды деп жазған. АҚШ штаб бастықтарының біріккен комитетінің жетекшісі Марк Милли Украинаға барлық аумағын қайтару қиынға соғады, бірақ мүмкін емес емес нәрсе жоқ деген.
Мұның алдында Ресейдің бірқатар өкілі Украина Қырымға шабуылдаса, Мәскеу қатаң шара қолдануы мүмкін деп ескерткен. Ядролық қару қолдану мүмкіндігі жоғары екенін де айтқан.
Украина 2014 жылы Қырымның аннексиялануын мойындаған жоқ, алайда Киев 2022 жылы Ресей шабуылы басталмай тұрып түбекті бейбіт жолмен қайтаруға үміттенген. Енді украин билігі Қырымды қарумен азат ету туралы мәлімдеп жүр.
ПІКІРЛЕР