Былтыр күзде жылу электр орталығындағы апаттан кейін жылусыз қалған Екібастұз тұрғындары үйлеріндегі батареялар тағы суып кеткенін хабарлады.
"Тағы не болды? Батареялар мұздай! Пәтерде тоғыз градус" деп жазды Екібастұз тұрғындарының бірі Майра Әйткенова Telegram-дағы "Екібастұз мәселелері" чатында. Бұл чатты тұрғындар былтыр күздегі апаттан кейін ақпарат алмасу үшін ашқан.
"Температура түсіп барады. Егер 15 градусқа дейін төмендесе, онда жылу желісінен суды ағызуға дайындалу керек" деп жазды Екібастұз тұрғыны Александр Разумовский.
"Жылу электр орталығының авария қызметі телефондарын көтермейді, таңертеңнен бері үй салқын. Барлық жерде ЖЭО жұмысын толық тоқтатты деп жазып жатыр. Біреу не болып жатқанын түсіндіре ала ма?" деп жазды қала әкімдігіне сұрағын бағыттаған тұрғын Евгений Тихонов.
Сенбі күні түстен кейін ЖЭО иесі "Екібастұзэнергия" компаниясы 18 ақпанда сағат 4.55-те станцияда "құбырдың бітеуіші үзіліп кеткенін" хабарлады. Компанияның хабарлауынша, құбырды бітеу мақсатында № 12, 13, 15 қазандықтар және желі насостарының жұмысы кезек-кезек тоқтатылған. Бүлінген аумақ кесіліп, жөндеу жұмыстары басталған. Компания өкілдері жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде жылу электр орталығы жұмысы тоқтамағанын айтты. Үш қазандық пен энергетикалық насостар жұмыс істеген. "Жылу айналымы төмен параметрде болды" деді компания өкілдері.
ЖЭО түн ортасында жылу айналымының температурасын 60 градусқа көтеретінін айтып, қала тұрғындарынан құбырдағы суды ағызбауды өтінді.
"Екібастұзэнергия" компаниясының Instagram-дағы парақшасында ондаған тұрғын пәтерлерінде алғаш рет тоңып жатпағанын, үйді жылыту үшін қосымша жылыту құралдарын қосуға мәжбүр болып отырғанын жазды.
Екібастұзда 18 ақпанда күндіз ауа температурасы -6-8 градусты көрсетіп тұрды.
Вице-премьер Роман Скляр 17 ақпанда Екібастұздағы жағдайды "күрделі" деп атап, былтырғы апат "станцияның жұмысын тұрақсыздандырып жіберді" деген. Ол температура қалыпты мөлшерден төмен екенін мойындады. Вице-премьердің айтуынша, бұрын қазандықтар апта сайын істен шықса, қазір күн сайын істен шығып жатыр. Қалада 100-ден астам адам жылу электр орталығының дұрыс жұмыс істеуіне күш салып жатыр.
Былтыр қарашада Екібастұз жылу электр орталығында ірі апат болған. Сол күндері 30 градус аяз болып тұрды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Содан бері жеке және көпқабатты тұрғын үйлерге жылу төмен параметрмен беріліп жатыр.