Accessibility links

Алматы мен Астанада "журналистерге қарсы қылмыс жасады" деген күдікпен 18 адам ұсталды


Динара Егеубаеваның от қойылған көлігі. Алматы. 14 қаңтар, 2022 жыл.
Динара Егеубаеваның от қойылған көлігі. Алматы. 14 қаңтар, 2022 жыл.

Полиция "журналистерге қарсы заңсыз әрекет жасады" деген күдікпен 18 адамды ұстады. Бұл туралы мәлімет Telegram-дағы Polisia арнасында жарияланды.

Мәліметте 2022 жылғы қыркүйектен бастап 20 ақпанға дейінгі аралықта Алматы мен Астанада "алты журналист пен блогерге, сонымен бірге олардың қызметіне қатысы бар бір адамға қарсы бірнеше заңсыз әрекет жасалғаны" айтылған. Журналистер мен блогерлердің аты-жөні хабарланбады.

"Жәбірленушілердің жылжымайтын мүлкін бүлдіру, автокөліктерін өртеу, түрлі зат жолдау арқылы қорқыту, терроризм акті туралы жалған хабар тарату, азаматтық жеке мәліметтерін интернетте жариялау қылмыстары жасалған" деп хабарлады ІІМ.

Полицияның мәліметінше, осы қылмыстарды ашу үшін ведомствоаралық шұғыл тергеу тобы құрылған. Қазір "қоқан-лоқы", "жеке өмір туралы мәліметті тарату", "журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру", "бұзақылық", "біреудің мүлкін қасақана бүлдіру" баптары бойынша 20 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

"Қазіргі кезде барлық факт ашылды, қылмысқа қатысы бар 18 адам ұсталды. Айғақтар қорын толықтыру жөнінде тиісті тергеу және шұғыл іс-әрекет жүргізіліп жатыр" деп жазылған полицияның хабарламасында.

Кейінгі жарты жылда Қазақстанда журналистер мен редакцияларға шабуыл жиілеген. Қаңтарда алматылық журналист Динара Егеубаева белгісіз біреулер автокөлігінің салонына кірпіш лақтырып, өртеп жібергенін хабарлады. Егеубаева мұндай әрекетті қастандық деп сипаттады. Екі күннен соң Алматы полициясы кәмелет жасына толмаған бес күдіктіні ұстағанын хабарлады. 15, 16 және 17 жастағы күдіктілер Eledia редакциясының есігін де бұзған.

Осы оқиғадан бірнеше күннен соң Ulysmedia.kz жаңалықтар сайтының бас редакторы Самал Ибраева белгісіз біреулер сайтты бұзып, оған өзінің және отбасы мүшелерінің жеке мәліметтерін жариялағанын хабарлады. Ибраева мұндай әрекетті жеке өміріне килігу деп бағалаған.

Көп уақыт өтпей алматылық журналист Вадим Борейко пәтер есігінің сыртқы жағына құрылысқа арналған көбік жағып кеткенін хабарлады.

Ақпан айында Динара Егеубаева белгісіз біреулер ұлына тапаншамен шабуылдады деп мәлімдеді. 20 ақпанға қараған түні Алматыда Борейкомен жұмыс істейтін бейнеоператор Роман Егоровтың екі автокөлігін өртеп кетті. Егоров заңсыз әрекеттің кәсіби қызметіме қатысы бар деп отыр.

Видео: Журналист Борейко операторының екі көлігі өртеніп кетті (20 ақпан 2023 жыл).

Журналист Борейко операторының екі көлігі өртеніп кетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00

Қазақстан журналистеріне жасалған бірнеше шабуылдан соң Журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists) Қазақстан билігінен кінәлілерді тауып, жауапқа тартуды талап еткен.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанды сөз еркіндігі шектелген мемлекеттер санатына жатқызады. Республика "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркінді индексінде 180 ел ішінде 122-орында тұр.

XS
SM
MD
LG