АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путиннің ядролық қаруды шектеу туралы АҚШ-пен жасасқан келісімді тоқтатуын "үлкен қате" деп атады.
Байден бұл сөзін 22 ақпанда Варшавада НАТО-ның "шығыс қанатына" кіретін мемлекеттердің басшыларымен кездесу кезінде айтты. НАТО-ның "шығыс қанатына" тоғыз ел: Польша, Чехия, Словакия, Венгрия, Румыния, Болгария, Эстония, Латвия және Литва кіреді. Олардың басым бөлігі Ресейге қатаң саясат қолдануды және Украинаға көмекті ұлғайтуды қолдайды.
Кездесу кезінде АҚШ президенті аталған елдерге басқыншылық қаупі төнсе, НАТО қорғайтынын айтты. Польша президенті Анджей Дуда Ресей басқыншылығынан кейін Еуропадағы қауіпсіздік мәселесіне көзқарас өзгергенін алға тартып, Украинаны нақты қолдау шараларын қарастыруға үндеді.
Оның алдында Варшавада Байден Молдова президенті Майя Сандумен кездескен, АҚШ Молдованы қолдауға уәде берген. Жуырда Кишинев жергілікті ресейлік күштер арандатуға тырысып жатқанын, тіпті төңкеріс жасамақ екенін де айтқан.
Ресейдің Украинаға басқыншылығына бір жыл болар қарсаңда АҚШ президенті Польша астанасында сөз сөйледі. Ол АҚШ пен одақтастары Киевті қолдай береді деп мәлімдеді.
Сәрсенбі күні Ресейдің мемлекеттік думасы мен федерация кеңесі АҚШ-пен жасасқан ядролық қаруды шектеу туралы келісімді тоқтату туралы заң жобасын мақұлдаған. Жобаны парламентке президент Владимир Путин енгізді.
Ресейде СНВ-3 деп аталатын стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты шектеу туралы келісімге 2010 жылы Прагада қол қойылған еді. Құжат ядролық оқтұмсықтар мен оларды тасығыштар санын шектейді, елдерге өз аумағынан тыс жерлерге стратегиялық ядролық қару орналастыруға тыйым салады, ядролық ракеталарды барлау құралдарынан жасырмауға, мемлекеттерді өзге елдің ядролық инспекторларына ядролық қару базаларына кіруге жағдай жасауға міндеттейді. Бұған дейін Ресей СІМ "Мәскеу оқтұмсықтар мен тасығыштар санын әзірше құжатта көрсетілген шектеулерден асыруға ниетті емес" деп мәлімдеген.