Арнайы прокуратура 7 қаңтарда Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 мекемесінде қайтыс болған Денис Воронцовтың өліміне қатысты хабарлама таратып, тұтқынның өліміне "асқазан ауруы" себеп екенін мәлімдеді. Осылайша бұған дейін құқық қорғаушылар мен марқұмның туыстары айтқан азаптау туралы мәліметтерді растамады.
Екі күн бұрын Азаптауға қарсы коалиция өкілдері бас прокуратураға тұтқынның өліміне байланысты мәлімдеме жасап, оны жан-жақты тексеруге үндеген еді. Құқық қорғаушылар тұтқынға жасалған "физикалық және психологиялық қысымға" алаңдаушылық білдірген. Прокуратурадан "азаптау" бабы бойынша қылмыстық іс тіркеуді сұраған болатын.
23 ақпанда таратқан хабарламасында арнайы прокуратура Денис Воронцов осыған дейін жазасын өтеген мекемелерде "түрме ережесіне бағынбай, бірнеше рет теріс қылық көрсеткеніне" көбірек назар аудартуға тырысқан. Айтуларынша, Воронцов былтыр шілдеде Заречный кентіндегі ЛА-155/14 мекемесіне ауыстырылғаннан кейін үш рет "ереже бұзып", өзіне айыппұл салынғанына қарсы болған. Наразылық ретінде "өзін жарақаттаған": бірінде ине жұтқан, бірінде қарнын тілген, тағы бірде үстіне ыстық су құйған. Осылайша прокуратура Воронцовтың өліміне өзін жарақаттағандары себеп болған дегенді меңзейді.
"7 ақпанда шамамен сағат 6.10-да Қонаев қаласының қалалық клиникалық ауруханасы Денис Воронцовтың өлімін тіркеді. 1 ақпан күнгі сот-медицина сараптамасының қорытындысына сәйкес, Воронцов асқазан-ішек жолдарының қансырауынан өлген" деп жазылған прокуратура хабарламасында.
Прокуратура соған байланысты "қызметтік әрекетсіздік" бабы бойынша қылмыстық іс ашқан. Істі облыс прокуратурасы қағадалап отыр деп хабарланды.
20 ақпанда Азаптауға қарсы коалиция өкілдері марқұмның анасы Айжан Төлееваның шағымын жариялаған еді. Онда шағым иесі мекемеден хабарласқан тұтқындар сөзіне сүйене отырып, ұлын аталған мекемеде ұрып-соғып, азаптағанын, тиісті дәрежеде медициналық көмек көрсетпегенін айтқан. Ақпаратқа қарағанда, Воронцовтан түрме әкімшілігі тұтқындар туралы ақпарат беруді талап еткен, алайда Воронцов одан бас тартқан. Сол үшін оған қысым жасалып, қысымға төзбеген Воронцов өзін жарақаттаған. YouTube-те "Воронцовтың жарақат алған кездегі видеосы да" жарияланған, видеода тұтқынның анасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан ұлының өлімін тексеруді талап еткен.
Коалиция өкілдерінің айтуынша, азаптау мен қысым туралы мәліметтерге қарамастан, Воронцов "асқазан ауруынан қайтыс болды" деген тұжырым жасалған.
"Алайда бұл шындыққа сәйкес келмейді, себебі Воронцов мобильді телефонымен түсірген видеожазба оны толық жоққа шығарады. Анасы ұлының денесінде күйік пен жарақаттар болғанын хабарлаған, ал дәрігерлер қорытындысында ол туралы бірде-бір сөз жоқ" деп жазылған коалиция хабарламасында.
Коалиция өкілдері мәлімдемеде Денис Воронцовтың өліміне байланысты алаңдаушылық білдіріп, "оған жасалған физикалық және психологиялық қысым, уақытында медициналық көмек көрсетілмеуі және көмек көрсетуден бас тартудың соңы осы қайғылы оқиғамен аяқталған болуы мүмкін" деп тұжырымдайды. Олар прокуратураға "азаптау" бабы бойынша іс ашылсын деп кеңес берген.
Халықаралық ұйымдар мен қазақстандық құқық қорғаушылар Қазақстандағы түрмелерде сотталушыларды азаптау барын, қамаудағыларға дұрыс жағдай жасалмайтынын айтып, Астанаға жиі қайырылады. Amnesty International құқық қорғау ұйымы Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі есебінде де "елдегі түрмелерде азаптау мен басқа да қорлық түрлері қолданылған; билік санаулы жағдайда ғана болмаса, көбіне мұндай оқиғаларға байланысты әділ, тәуелсіз әрі тиімді тергеу жүргізбеген" деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР