Accessibility links

Ішкі істер вице-министрі журналистерге жасалған шабуыл жөнінде: Тапсырыс деп айтуға әзірше ерте


Журналист Данияр Молдабековті біреу ұрып кеткеннен кейін оның үйіне келген жедел жәрдем қызметкері мен полиция өкілі. 22 ақпан, 2023 жыл.
Журналист Данияр Молдабековті біреу ұрып кеткеннен кейін оның үйіне келген жедел жәрдем қызметкері мен полиция өкілі. 22 ақпан, 2023 жыл.

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев парламент сайлауы қарсаңында журналистерге жиі жасалған шабуылдар туралы айтып, "әзірше тапсырыстар туралы айтуға әлі ерте" деп мәлімдеді.

"Журналистердің кешегі шағымын есепке алмағанда, бұған дейінгі алты шабуылды кімдер жасағаны анықталды, олар ұсталды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Оларды мұндай қылмысқа не итермелегені, артында кімдер тұрғаны тергеу барысында анықталады" деді Марат Қожаев. Астанада журналистер сауалына жауап берген вице-министр шабуылдар "әлдебіреудің тапсырысымен жүзеге асты деуге әзірше ерте" деді.

Осы аптада ІІМ есеп беріп, 2022 жылғы қыркүйектен бері Астана мен Алматыда "алты журналист пен блогер, сонымен бірге олармен жұмыс істейтін тағы бір адамға қарсы заңсыз әрекеттер жасалды" деп мәлімдеген. "Журналистерге қарсы қылмыс жасады" деген күдікпен 18 адам ұсталған. Министрлік ұсталғандар туралы ақпарат айтпады.

Бұған дейін "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы қаңтар мен ақпанда Алматыда журналистерге бірнеше рет шабуыл жасалғанын хабарлаған. Қаңтардың өзінде бес шабуыл тіркелген. Осы айда кемінде екі оқиға тіркелді.

22 ақпанда журналист Данияр Молдабеков өзін медициналық маска таққан біреу Алматыдағы үйінің подъезінде ұрып кеткенін хабарлады. Оның алдында екі күн бұрын Алматыда журналист Вадим Борейкомен жұмыс істейтін бейнеоператор Роман Егоровтың екі автокөлігін өртеп кетті. Егоров заңсыз әрекеттің кәсіби қызметіме қатысы бар деп отыр.

Қаңтарда алматылық журналист Динара Егеубаева белгісіз біреулер автокөлігінің салонына кірпіш лақтырып, машинасын өртеп жібергенін хабарлады. Егеубаева мұндай әрекетті қастандық деп сипаттады. Екі күннен соң Алматы полициясы кәмелет жасына толмаған бес күдіктіні ұстағанын хабарлады. 15, 16 және 17 жастағы күдіктілер El Media редакциясының есігін де бұзды деген күдікке ілінген.

Осы оқиғадан бірнеше күннен соң Ulysmedia.kz жаңалықтар сайтының бас редакторы Самал Ибраева белгісіз біреулер сайтты бұзып, оған өзінің және отбасы мүшелерінің жеке мәліметтерін жариялағанын хабарлады. Ибраева мұндай әрекетті жеке өміріне килігу деп бағалаған.

Көп уақыт өтпей алматылық журналист Вадим Борейко пәтер есігінің сыртқы жағына құрылысқа арналған көбік жағып кеткенін хабарлады.

Журналистер шабуылдарды кәсіби қызметімен байланыстырып, тапсырыс болуы мүмкін екенін айтқан.

Қазақстан журналистеріне жасалған бірнеше шабуылдан соң Журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists) Қазақстан билігінен кінәлілерді тауып, жауапқа тартуды талап еткен. Бұған дейін Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай "бұл іс Қазақстан заңнамасына сай тең құқықтар шеңберінде қаралуға тиіс" деп жазған.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанды сөз еркіндігі шектелген мемлекеттер санатына жатқызады. Республика "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркінді индексінде 180 ел ішінде 122-орында тұр.

XS
SM
MD
LG