Accessibility links

Путин "Сармат" баллистикалық зымыраны дайын деп мәлімдеді


"Сармат" құрлықаралық баллистика зымыранының сынақ үлгісі.
"Сармат" құрлықаралық баллистика зымыранының сынақ үлгісі.

Ресей президенті Владимир Путин азаматтарды "Отан қорғаушы күнімен" құттықтап, Ресей 2023 жылы ядролық қаруды дамыта түседі деп мәлімдеді. Президент бейнеүндеуі Кремль сайтында жарияланды.

Путин "жаңа ауыр зымыраны бар "Сармат" кешенінің алғашқы ұшыру құрылғысы әскери кезекшілікке шықты" деп мәлімдеген.

Бұған қоса, Ресей "Кинжал" гипердыбыс зымырандарының әуе кешенін өндіруді тоқтатпайды, "Циркон" гипердыбыс зымырандарының теңіз кешендерін армияға көптеп жеткізе бастайды. "Бірнеше жылда Ресей әскери-теңіз флотына тағы үш атом сүңгуір крейсері кіреді" деп мәлімдеді Путин.

Ресей әскері сонымен бірге "жаңа соққы жасау жүйесі мен барлау мен байланыс құралдарын, дрондар мен артиллерия кешендерін алады" деді Путин.

21 ақпандағы жолдауында да Путин стратегиялық күштерге көбірек тоқталған. Алайда президент сол кезде жаңа "Сармат" құрлықаралық баллистикалық зымыраны дайын екенін айтпаған. CNN телеарнасының дереккөздері бұл зымыран сынақ кезінде сәтсіздікке ұшырағанын мәлімдеген. Сынақ АҚШ президенті Джо Байден Киевке сапарлап барған уақытта өткен.

Сәрсенбіде Ресей мемлекеттік думасы мен федерация кеңесі ядролық қаруды шектеу жөнінде АҚШ-пен жасалған келісімді уақытша тоқтату туралы заң жобасын мақұлдаған. Мұндай ұсыныс айтқан – Путиннің өзі.

Құжат ядролық оқтұмсықтар мен оларды тасығыштар санын шектейді, елдерге өз аумағынан тыс жерлерге стратегиялық ядролық қару орналастыруға тыйым салады, ядролық ракеталарды барлау құралдарынан жасырмауға, мемлекеттерді өзге елдің ядролық инспекторларына ядролық қару базаларына кіруге жағдай жасауға міндеттейді. Бұған дейін Ресей СІМ "Мәскеу оқтұмсықтар мен тасығыштар санын әзірше құжатта көрсетілген шектеулерден асыруға ниетті емес" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG