Бүгін, 27 ақпанда орталық сайлау комиссиясы брифинг өткізіп, саяси партиялардың сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайысы 16 наурызға белгіленгенін хабарлады.
"Орталық сайлау комиссиясының аппараты "Хабар" агенттігі" АҚ-мен сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыс өткізу мәселесі бойынша тиісті шарт жасасын" деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.
ОСК мәліметіне қарағанда, пікірсайыс өткізу үшін 63 миллион теңге бөлінген. 2022 жылы күзде өткен президент сайлауы кезінде де кандидаттардың дебаты үшін "Хабар" агенттігіне 63 миллион теңге төленген.
Бұған дейін жеті саяси партия 2023 жылғы 19 наурызға белгіленген мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауына түсетінін мәлімдеп, партиялық тізімдерін ұсынған.
Олар: "Ауыл", "Аманат", Respublika, "Ақ жол", Қазақстан халық партиясы, "Байтақ" жасылдар партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.
Биылдан бастап Қазақстан парламентіндегі депутаттық мандаттың 70 пайызы саяси партияларға, 30 пайызы бірмандатты сайлау округтерінен жеңгендерге беріледі.
ПІКІРЛЕР