Мәжіліс депутаттығына кандидат, қоғам белсендісі Инга Иманбай өзін "ұлттық алауыздықты қоздыру" туралы іс бойынша полиция шақырғанын Facebook-парақшасында хабарлады. Ол 24 ақпанда Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро кабинетінде жалғыз адамдық пикет өткізген.
"23 ақпанда, Украинаны қолдау үшін пикет өткізуге рұқсат бермеген соң, маған Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінен телефон соғып, "ұлттық алауыздықты қоздыру" дерегі бойынша әңгімеге шақырды. Полиция қызметкері Диас Хасеновтің сөзіне қарағанда, менің үстімнен іс қозғалған, оны Алматы полиция департаменті шара қолдану үшін Еңбекшіқазақ ауданының полициясына жіберген. Маған айтқан сөздеріне қарағанда, барып түсініктеме жазуым керек екен" деп жазды Инга Иманбай.
Белсенді полиция қызметкерінің телефон нөмірін адвокатына берген, ол осы аптаның ішінде баратын боп келіскен.
"Соңыма түскен кез келген әрекеттің саяси астары бар. Күйеуім Жанболат Мамайдың үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқанда, бұл іс менің отбасыма жасалған саяси қуғын-сүргін ретінде бағаланады" деп мәлімдеді Инга Иманбай.
Кейін Инга Иманбай Еңбекшіқазақ ауданы полицейімен сөйлескен сөзін жариялады, онда полицей бүгін келуді сұраған. Инга Иманбай келісілген уақытта адвокатымен бірге баратынын айтты.
"Не үшін шақырғанын білмеймін, бірақ не болса да саяси астары бар екені айдан анық" деген белсенді сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жиып қойып, полиция бөлімшесіне баруға мәжбүр болатынын мәлімдеді.
Алматы полициясы белсенді не үшін шақырылғаны туралы пікір айтқан жоқ.
Инга Иманбай бұған дейін Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бір жыл толғандығына қарай пикет өткізетіні жөнінде әкімдікке хабарлаған. Алматы әкімі Ерболат Досаев "пикеттен небәрі төрт күн бұрын ғана хабар алғанын, заң бойынша, 5 күн бұрын хабарлау беру керегін" алға тартып, рұқсат бермеген.
Инга Иманбай пикет 24 ақпанға белгіленгенін, ал хабарды 18 ақпанда жібергенін айтқан.
Ресми түрде тіркелмеген "Қазақстан демократиялық партиясының" жетекшісі, Қаңтар оқиғасы бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалған Жанболат Мамайдың әйелі, қоғам белсендісі Инга Иманбай Алматы қаласындағы №3 сайлау округінен мәжіліс депутаттағына кандидат болып тіркелген.
ПІКІРЛЕР