Accessibility links

"Жақынымды кепілге тастап кеттім". Шыңжаңнан Қазақстанға оралғандар неге үнсіз қалады?


Шыңжаңда "қамауда жатқан" туыстарына сұрау салып, Алматыдағы Қытай консулдығы алдында пикетте тұрған қазақтар. 9 наурыз, 2021 жыл.
Шыңжаңда "қамауда жатқан" туыстарына сұрау салып, Алматыдағы Қытай консулдығы алдында пикетте тұрған қазақтар. 9 наурыз, 2021 жыл.

Шыңжаңда қамауда болып, қысым көргендердің көбі Қазақстанға келгеннен кейін үнсіз қалады. Көрген қорлығы мен шеккен азабын айтуға ықылассыз. Туыстары "оларды қатты қорқытып тастаған" дейді.

"ЖАҢАЛЫҚҚА ШЫҒАРМА, ТЕЛЕФОНҒА ТҮСІРМЕ!"

Биыл 8 ақпанда Қытай қазағы Сәрсенбек Әкбар Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылында тұратын отбасына бес жылдан кейін оралды. Ол 2017 жылы Шыңжаңда қайтыс болған жақын туысына көңіл айтуға барып, кері қайта алмай қалған еді. Ал оның әйелі Гүлнұр Қосдәулет 2020 жылғы ақпаннан бері күйеуін Қазақстанға қайтаруды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдындағы наразылық акциясына үзбей шығып жүрген. Ол кейде консулдық алдына кәрі енесін – Сәрсенбек Әкбардың 80 жасқа келген анасын арбаға отырғызып, алып келетін.

Гүлнұр Қытай консулдығы алдында шығып, Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерінің діні мен тіліне байланысты қысым көріп жатқанын ашық айтып, ресми Пекиннен адам құқығын таптамауды талап ететін. Алайда Сәрсенбек Әкбар Қазақстанға оралғаннан кейін мән-жайды білу мақсатымен Гүлнұр Қосдәулетке телефон шалғанымызда, сөйлесуге құлықсыз болды. Күйеуінің Қытайдан оралғаны туралы ақпарат беруге ықылассыз екенін аңғартты.

– Әзірге ештеңе бермей-ақ қойыңыздаршы.

– Неге қорқақтап тұрсыз, күйеуіңіз Қазақстанға келіп алды. Енді қандай қорқыныш бар?

– Мен ештеңеден қорықпаймын ғой. Бірақ менің жұбайыма біраз уақыт керек сияқты. Өйткені "жаңалыққа шығарма, телефонға түсірме!" деп ана жақтан айғайлап келді. Миын "улап" тастапты.

Гүлнұр Қосдәулет күйеуі Сәрсенбек өзіне "екі елдің арасына сызат түсірдің" деп реніш білдіретінін де айтып қалды.

Ал осыдан екі жылдай бұрын Шыңжаң қазағы Зейнолла Рақыжан да отбасына 17 жылдан кейін оралған еді. Ол 2000 жылы отбасымен бірге Қазақстанға көшіп келген, бірақ 2004 жылы Шыңжаңға жақындарына барғанда ұсталып, туыстарының айтуынша, "тыңшы" деген жаламен 13 жылға сотталған. Түрме жазасынан кейін де отбасына орала алмай, екі жыл саяси лагерьде, екі жыл үйқамақта болғаны айтылған еді.

Зейнолла Рақыжан Қазақстанға оралған кезде әуежайға Қытайда туыстары қалған басқа адамдар барған еді. Сол кезде ол өзін күтіп алуға келгендерге "Елге жеткеніме қуаныштымын, екі елдің достығы мәңгі жасай берсін. Туыстарың шығады, коронавирус ұстап тұр. Бәріңнің туыстарыңды жібереді" деп қысқа қайырған еді. Журналистердің "Сізге келер алдында Қытай жағынан қандай да бір ескерту жасалды ма?" деген сауалына "жоқ" деп шорт кескен.

Зейнолла Рақыжанның әйелі Фарида Қабылбек те Гүлнұр Қосдәулет сияқты Қытай консулдығы алдында күйеуін елге қайтаруды талап етіп, жиі наразылыққа шығатын. Жұбайы Қытайдан оралғаннан кейін ол журналистерге сұхбат беруден бас тартып, "кейінірек" деп келеді. Жақында Фарида Қабылбектің өзіне телефон шалғанымызда: "Зейнолла сұхбат бермейді, беретін түрі де жоқ. Ешқайда шықпа, ешкімге сұхбат берме деп, мені де тартып отыр ғой" деді.

"КҮЙЕУБАЛАМНЫҢ ОБАЛЫНА ҚАЛАМЫН, ТҮСІН МЕНІ"

2020 жылы ақпаннан бері Алматыдағы Қытай консулдығы алдындағы наразылық шарасына қатысып, Шыңжаңда қалған күйеуін кері қайтаруды талап етіп жүрген Д. (есімі қауіпсіздік үшін өзгертілді) есімді келіншек те бір жылдан кейін наразылығын тоқтатқан еді. Былтыр қыркүйек айында оған қоңырау шалғанымызда, "Қытайдағы күйеуіме зияным тиюі мүмкін, сондықтан ешқандай сұхбат бермеймін. Маған мүлдем хабарласпаңыздар" деген еді.

2019 жылы Шыңжаң өлкесі Құлжа қаласынан Алматы облысына келген Дәлел (аты-жөні өзгертілді – ред.) де Шыңжаңда көргенін ашып айтқысы келмейді. 2017 жылы күзде Қытайдағы үйін сатуға барып, кері қайта алмай қалған ол бір жыл екі ай саяси лагерьде болғанын айтады. Сөзінше, лагерьден шыққаннан кейін тағы бір жылға жуық үйқамақта болған. Дәлел 2019 жылы мамырда Қазақстанға оралып, отбасымен қауышқан.

Шыңжаңда көрген қысымын ашып айтқысы келмеген ол "бәрі де көрген түстей болып өтті де кетті ғой" дейді қысқа қайырып. Одан "Қазақстанға келіп алдыңыз ғой, енді неден, кімнен қорқасыз?" деп сұрағанымызда:

– Мен "екі айдан соң қайтып келемін" деп жақын күйеубаламды кепілдікке қалдырып кеткенмін. Кетерде "ештеңе айтпаймын" деп, сақшының қағазына қол қойып бергенмін. Бармағаным үшін күйеубалам қысымға ұшырады. Қазір менімен сөйлеспейді. Енді ашық ақпаратқа шықсам, обалына қаламын ғой, түсін мені, – деді.

Ал Ғалым есімді Қытай қазағы Шыңжаңнан Қазақстанға оралғанына төрт жыл болса да, ондағы жағдай жайлы жақ ашқысы келмейді. Журналист екенімізді айтып, лагерьде қанша уақыт болғанын сұрай бастағанымыз сол еді, бірден телефонды қоя салды. Қайта қоңырау шалғанымызда, "ештеңе айта алмаймын, мазаламаңыздар" деді.

Ал қазір Абай облысында тұратын Ерұлан (аты-жөні өзгертілді – ред.) 2019 жылы Шыңжаңның Тарбағатай аймағынан отбасын алып, Қазақстанға көшіп келген. Айтуынша, Шыңжаңда ата-анасы мен бауырлары қалған. Ол да ата-анасының тағдырына алаңдап, Шыңжаңда көргенін айтуға құлықсыз.

– Қытайға ертең қайтадан барып жатсақ, ұстап алады ғой. Әке-шешеміз бен туғандарымыздың бәрі сонда қалды, – дейді күмілжіп.

Ерұлан Шыңжаңдағы үй-жайы да сатылмағанын, егер Қытайда жағдай түзелсе, қайтадан бару ойында бар екенін жасырмайды.

"ЛАГЕРЬДЕ КӨРГЕНІМ ІШІМЕ СЫЙМАДЫ, АҚЫРЫ АЙТЫП ТЫНДЫМ"

2017 жылы Шыңжаңдағы туыстарына барып қамауға алынып, екі ай түрмеде, 10 ай саяси лагерьде, тағы екі ай үйқамақта болып, 2018 жылы желтоқсанда Қазақстанға оралған Рахима Сембайқызы да ұзақ уақыт ашық ақпаратқа шықпады. Қазір Алматы қаласында тұратын ол – төрт баланың анасы. Айтуынша, Қытайда қамауға алынған кезінде бесінші баласына аяғы ауыр болған, бірақ түрмеге түскен күні күштеп жасанды түсік жасатқан. Рахима түрмеден қос балдаққа сүйеніп шыққанын айтады.

– Біз бір әке-шешеден екеу ғанамыз. Әкем де менімен бірге саяси лагерьде отырып шықты. Ол кезде інім полицей болып жұмыс істейтін. Төрт балам мен күйеуім Қазақстанда болатын. Отбасыма ораларда әке-шешемді кепілдікке қалдырдым. Сақшы мекемесіне барып, "Қазақстанға барғаннан кейін ештеңе айтпаймын" деп қолхат жазып беріп кеттім. Солардың тағдырына алаңдап, ұзақ уақыт үндемей жүрдім. Бірақ түрме мен лагерьде көрген қорлығым ішіме сыймады, ақыры айтып тындым, – дейді ол.

Рахима бір жылдан бері ата-анасымен мүлдем сөйлеспейді. Оның айтуынша, жергілікті билік әке-шешесіне қызымен сөйлесуге тыйым салған. Ал артынан ерген жалғыз інісі былтырдан бері қамауда отыр деп естіген. Рахима мемлекеттік қызметте істеген інісінің ұсталуына да өзінің қатысы бар деп еесептейді.

– Інімнің қамалуы менің ақпарат құралдарына ашық сұхбат беріп, лагерь азабын айтқанымнан болды-ау, – дейді ол.

"ШЫҢЖАҢДА КӨРГЕН АЗАПТАН АДАМ РУХЫ ЖАНШЫЛАДЫ"

2016 жылдан бастап Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да түркі тектес ұлттар тілі мен дініне байланысты қысым көре бастады. Әуеліде жергілікті тұрғындардың жеке бас құжаттарын жинап алған Шыңжаң билігі кейін ықтиярхатпен шетелде жүрген азаматтарын түрлі айла-тәсілмен кері шақырып алды. Кейбірін діни көзқарасын желеу етіп, ұзақ жылға соттаса, кейбірін екі жылға дейін ресми Пекин "кәсіпке баулу орталығы" деп атайтын жабық мекемеде ұстады. Мұнда Қытай компартиясының идеологиясын оқытты, заңдарын жаттатып, партия төрағасы Си Цзиньпинді мадақтайтын өлеңдер айтқызды. Жабық мекемеде отырып шыққандар мен халықаралық ұйымдар бұл жерді лагерь деп атап, онда адамдарды азаптап, қинағанын айтқан.

Лагерьде қамауда болғандардың арасында Қазақстан азаматтығын алғандар да болды. 2018 жылдың аяғына қарай саяси лагерьде отырған қазақтардың біразы босап, Қазақстанға келе бастады. Бірақ бірен-сараны ғана лагерьде көргенін ашық айтты. Ал көпшілігі әлі күнге дейін үнсіз. Шыңжаң қазақтарының құқығын қорғап жүрген тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан лагерьде отырғандардың рухы сынып, көргенін айтуға қаймығып қалады дейді.

– Біріншіден, Шыңжаңда көрген азап пен қорлықтан адамның рухы жаншылады. Денсаулығы ғана емес, психологиялық тұрғыдан да мұқалады. Екіншіден, оларды Қазақстанға қайтарарда жергілікті билік, ұлттық қауіпсіздік пен полиция өкілдері жан-жақтан қыспаққа алып, "екі мемлекеттің достығына сызат түсірмеу" жөнінде лекция оқиды. "Осында туып өстің, оқыдың, енді Қазақстанға барған соң Қытай туралы жағымсыз пікір айтпа" деп құлағына құйып жібереді. Оған қоса, қоқан-лоқы жасап, "егер сен Қазақстанға барғаннан кейін Қытайдың беделіне нұқсан келетін сөз айтатын болсаң, ол жақта да біздің адамдар бар, тауып аламыз" деп қорқытады. Тіпті "қайтадан Қытайға алып келеміз" деп дөң-айбат жасайды, – дейді Бекзат Мақсұтхан.

"Туысымызды босатыңдар!" Қытай елшісі арызданушыларды қабылдамады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

Қытай қазақтарына көмек беретін "Атажұрт еріктілері" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ербол Дәулетбекұлы Қытай билігі Шыңжаңнан Қазақстанға көшуге бел буғандарға кепілге адам тап деген талап қоятынын айтады.

– Қамауда болғандарды өзге елге жіберу үшін кемінде үш адамды кепілге ұстайды. "Сен барғаннан кейін сұхбат беріп, ашық ақпарат кеңістігіне шығатын болсаң, мына кепілге қалдырған жақындарың сотталады" деп ескертеді. Ол адам кепілге қалдыратын үш кісіні табу үшін де кемі екі ай әркімге жалынады. Себебі ешкім кепіл болғысы келмейді. Егер ол адам шекарадан өткеннен кейін ашық ақпаратқа шығып кетсе, жазықсыз сотталатынын олар да біледі. Сондықтан тәуекелге бармайды, – дейді ол.

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде байырғы кезден бері тұратын мұсылмандардың "саяси лагерьлерге" жаппай қамалғанын халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.

БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңда 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды діни көзқарасы, пікіріне бола қамаған. Зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халық санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын мәлімдеген. Лагерьден шыққан әйелдер ол жерде сақшылар зорлағанын, ал ер адамдар қамауда азапталғанын айтқан. Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптайды.

Саяси лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы" деп, ал Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын "экстремизммен күрес" деп атайтын Қытай билігі әлгіндей айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады. Батыс елдері мен БҰҰ өкілдерін Шыңжаңға кіргізуден бас тартқан Пекин мемлекеттік ақпарат құралдарынан Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.

Астана Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына қатысты ресми ұстанымын білдірмеген, бірақ "дипломатиялық жолдар арқылы" Шыңжаңнан қазақтар Қазақстанға елге оралып жатқанын айтқан.

Ал Шыңжаңда туыстарымыз қамауда қалды деген ондаған адам 2020 жылғы ақпаннан бері Алматыда Қытай консулдығына барып, Пекиннен туыстарын босатуды талап етіп жүр. Сот олардың үстінен "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды, митингіге рұқсат алмады" деген айыппен бірнеше рет әкімшілік іс қозғап, айыппұл салған, кейбірін 10-15 күнге қамаған.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандар "Қытай азаматы" екенін және олар "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG