Accessibility links

FT: Украина Орыс еріктілер корпусының "шабуылынан" хабардар болған


Өздерін Орыс еріктілер корпусының өкілдері деп атаған белгісіз адамдар Любечане ауылында ту ұстап тұр. Ресей, Брянск облысы, 2 наурыз, 2023 жыл.
Өздерін Орыс еріктілер корпусының өкілдері деп атаған белгісіз адамдар Любечане ауылында ту ұстап тұр. Ресей, Брянск облысы, 2 наурыз, 2023 жыл.

Украина билігі Орыс еріктілер корпусы Ресейдің Брянск облысы аумағына кіретінін білген. Бұл жөнінде Financial Times басылымына құрылымның жетекшісі ресейлік Денис Никитин (шын аты – Денис Капустин) хабарлады. Оның айтуынша, егер рейд келісілмеген болса, Украина жағы құрылым мүшелерінің бәрін өлтіріп тастайтын еді.

2 наурызда Ресейдің Украинамен шектесетін Брянск облысында екі ауыл бірнеше сағат бойы қарулы отрядтардың бақылауында болған еді. Оқиғаны Орыс еріктілер корпусы мойнына алған. Ресей билігі шабуылды "украиналық диверсия топтары жасады" деп мәлімдеген. Ал Киев мұны жоққа шығарып, Ресейдің өз ішіндегі "ішкі тартыс" деп атаған.

Никитиннің сөзіне қарағанда, шабуылға шамамен 45 адам қатысқан. Арасында қандай да партизандық желі мүшелері болған. Олардың Ресей аумағында ошақтары бар.

Никитин ауылдардың бірінде атыс болғанын растады. Дегенмен бейбіт тұрғындар қаза болғанын білмейтінін жеткізді. Ресей билігі өкілдерінің айтуынша, екі адам опат болған, бір бала жараланған.

Никитиннің айтуынша, Орыс еріктілер корпусы өте мұқият күзетілуге тиіс шекаралас аудандарға кіре алатынын дәлелдеген.

"Ең бастысы – ресейліктерге қапаста отырып, өзгенің бұйрығын орындап, біреудің соғысына қатысуға келіспеу керек екенін ескерту керек болды. Кремльдегі басқыншыларды биліктен кетіргісі келетіндердің бәрін қолдаймыз" деді Никитин Financial Times басылымына.

Никитиннің айтуынша, қарулы отрядтың шабуылы Ресейдің Брянск облысында күшейтілген қауіпсіздік шараларына қарамастан, қорғаныс өте нашар екенін көрсеткен.

Financial Times жазуынша, Никитин сұхбат беруге келіскен, бірақ операцияның көп тұстары сол күйінше түсініксіз қалған және соғыс жағдайында оларды тексеру мүмкін емес.

Financial Times сарапшыларының бірі Орыс еріктілер корпусының шабуылын "классикалық партизан шабуылы" деп атады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде аталған аумақта партизан отрядтары болған, оларды Брянск ормандарынан табу қиын.

  • Орыс еріктілер корпусы – Украина қарулы күштерінің халықаралық легионы құрамындағы ресейлік эмигранттардан жасақталған әскери бөлім. Жасақ өкілдері Владимир Путин режимімен күресетінін және бейбіт халыққа тиіспейтінін айтады.
  • Денис Никитин Ресейде туған, жасөспірім шағында ата-анасымен бірге Германияда тұрған. 2017 жылы Киевке қоныс аударып, сол жерде ультраоңшыл көзқарастағы адамдарға арналған клуб ашқан. 2019 жылы ультраоңшыл көзқарасы үшін оған 10 жылға шенген аумағына кіруге тыйым салынған. Алайда ол Еуроодақ аумағына бармаса да, Германия, Франция, Болгария және өзге елдерде жұмысын жалғастыра берген. Бұл ақпаратты Financial Times басылымына Bellingcat зерттеушілері айтты.
  • Ресей билігі 2 наурызда Украинамен шектесетін Брянск облысына "украиналық диверсия топтары" кіргенін хабарлаған. Аймақтан түрлі қарама-қайшы ақпарат түсті. Әлеуметтік желіде Любечане ауылынан түсірілген видеолар пайда болды. Видеода камуфляж киім киген адамдар Орыс еріктілер корпусының солдаттарымыз дейді.
  • Корпус аталған рейдті мойнына алғаннан кейін де Ресей президенті Владимир Путин оқиғаны "теракт" деп атады. Ресей тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады.
  • Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк "украин диверсанттары" туралы хабарламаны арандату әрекеті деп атады. Ол Ресейде партизан қозғалыстары күшейіп бара жатқанын атап өткен.
  • 3 наурызда Ресей басшысы Владимир Путин қауіпсіздік кеңесі мүшелерімен шұғыл отырыс өткізді. Отырыста қандай мәселелер талқыланғаны айтылмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG