Accessibility links

ҚХП өкілінің мәжіліс депутаттығына кандидат Арман Шораевтың үстінен жазған арызы бойынша сот ісі шегерілді


Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттығына кандидат ретінде өз-өзін ұсынған Арман Шораев. Астана, 6 наурыз, 2023 жыл
Қазақстан парламенті мәжілісі депутаттығына кандидат ретінде өз-өзін ұсынған Арман Шораев. Астана, 6 наурыз, 2023 жыл

Бүгін Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қазақстан халық партиясының өкілі Нұрия Балтабайқызының "ар-намысыма тиді" деген арызы бойынша мәжіліс депутаттығына кандидат Арман Шораевтың ісін қарауды бастады.

Сотқа Арман Шораев, БАҚ өкілдері және 40-қа жуық азаматтық белсенді келді. Шағымданушы, Қазақстан халық партиясының тізімімен мәжіліске ұсынылған Нұрия Балтабайқызы сотқа өзі келмей, адвокатын жіберген. Алайда сот басталмай тұрып, кейінге қалды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Қазақстан халық партиясының мүшесі Нұрия Балтабайқызы осы партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың Ресей журналисі Владимир Соловьевқа берген сұхбатының астында "Арман Шораев ар-намысқа тиетін сөз жазды" деп, оны сотқа бергені туралы ақпарат тараған.

Нұрия Балтабайқызының Азаттық тілшісіне аты-жөнін атаудан бас тартқан адвокатының айтуынша, арызда "Арман Шораев 2023 жылы 20 ақпанда Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың парақшасынан алған сурет жариялап, "Бұл сатқындарға дауыс бермеу керек! Репост!" деп жазды, онысы осы партияның атынан мәжіліс депутаттығына түсіп отырған менің ар-намысыма тиді, оның постының астына біздің намысымызға кір келтіретін сөздер жазылды" деп жазылған.

Арман Шораев Қазақстан халық партиясының мүшесі Ермұхамет Ертісбаев пен Ресей журналисі Владимир Соловьевтың видеосұхбатынан кейін "Бұл сатқындарға дауыс бермеңдер!" деген сөз жазғанын растайтынын және ол сөзінен таймайтынын айтып отыр.

"Ермұхамет Ертісбаев Соловьевпен сұхбатында "орыс халқына тағзым етеміз, Владимир Путинге рақмет!" дегенін естіп, видеоның астына "Бұл сатқындарға, Коммунистік партияға дауыс бермеңдер!" деген пікір жаздым. Біріншіден, Ертісбаев басқарып отырған партия коммунизм идеясын бір күнде сатып, атауын ауыстырып алды. Екіншіден, Ертісбаев 30 жыл бойы Назарбаев билігін қорғап жүріп, бір күнде "оппозициялық" партия жетекшісі бола қалды. Үшіншіден, ол Ресей пропагандисі Соловьевпен сұхбатында Путинге Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ күштерін жіберіп, "Қазақстанды құтқарып қалғаны" үшін алғыс айтты. Бұл да – сатқындық. Халық партиясы болса, әуелі халықты ойламай ма? Қаңтар оқиғасында халық қырылды емес пе?" дейді ол.

Арман Шораев Нұрия Балтабайқызын танымайтынын, бұрын көрмегенін айтады.

"Билік соның қолымен мені сайлаудан шеттеткісі келетінін түсініп тұрмын" деді ол.

Арман Шораев шағымданушы Нұрия Балтабайқызының өзі сотқа келіп, қандай зардап шеккенін өзі айтуын және сот процесін мемлекеттік тілде жүргізуді талап етті.

Нұрия Балтабайқызының аты-жөнін жасырған адвокаты талап арыз орыс тілінде берілгенін, өзінің қорғауындағы адам сотқа келмесе де болатынын айтты.

Судья Талғат Иманәлин Арман Шораевтың өтінішін қанағаттандырып, сот отырысын 10 наурызға қалдырды.

Арман Шораев биыл 19 наурызда өтетін сайлауға мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде өз-өзін ұсынған.

Биыл ақпан айында Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев "Украинадағы соғысты насихаттаушы" ретінде Батыс санкциясына ілінген Ресей журналисі Владимир Соловьевқа сұхбат берген. Бұл сұхбат қазақ қоғамында түрлі реакция туғызған.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа көп жыл кеңесші болған, ақпарат министрі, Қазақстанның Грузиядағы елшісі қызметттерін атқарған Ермұхамет Ертісбаев 2022 жылы Қазақстан халық партиясына қосылып, төраға болған. Қазақстан халық партиясы – парламент сайлауына түсіп отырған жеті партияның бірі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG