Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина "Батыл әйел" халықаралық сыйлығына (2023 International Women of Courage Award Recipients Announced) ие болды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми сайты хабарлады.
Қазір құқық қорғаушы Вашингтонда жүр, ол марапаттау рәсімі 8 наурызда өтетінін айтты.
Департамент сайтында Бақытжан Төреғожина 25 жылға жуық уақыттан бері Қазақстанда адам құқығын қорғау үшін қызмет еткені, 2022 жылғы қаңтарда болған жаппай наразылық кезінде азапталғандарға көмек беріп, оқиғаны құжаттаумен айналысқаны, Қаңтар оқиғасына қатысты құрылған Qantar 2022 коалициясына жетекші болғаны жазылған. Ол "Ар.Рух.Хақ" деп аталатын қоғамдық ұйымның жетекшісі бола жүріп, қорқыту мен қудалаудың құрбаны болғаны да айтылады.
Төреғожина – Қазақстаннан бұл сыйлықты алған үшінші әйел. Бұған дейін "Батыл әйел" марапатын 2018 жылы адвокат Айман Омарова, 2020 жылы Шыңжаңдағы репрессия туралы батыл мәлімет берген Сайрагүл Сауытбай иеленген.
Бұл сыйлық 2007 жылдан бері дүниежүзі бойынша кәсібін атқара жүріп, қайраткер ретінде танылған әйелдерге беріледі.
"Батыл әйел" халықаралық сыйлығын бұған дейін Қырғызстанның бұрынғы президенті Роза Отунбаева, ресейлік қоғамдық белсенді Вероника Марченко, ресейлік журналист Елена Милашина, грузиялық құқық қорғаушы Русудан Гоциридзе, ресейлік белсенді Жанна Немцова және тәжікстандық белсенді Оинихул Бобоназарова алған.
ПІКІРЛЕР