Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыстық іс ретінде қарауға тағы да үндеді.
7 наурызда жарық көрген мәлімдемесінде құқық қорғаушылар Қазақстан үкіметіне үндеу жасап, қазір парламентте түзетулер енгізіліп жатқан заң жобасын қайта қарап, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмысқа жатқызу керек екенін айтты.
HRW 2020 жылы күзде парламент мәжілісі бұл заңды қолға алып, бірнеше айдан соң тағы да толықтыра түсу үшін қайтарғанын еске салған. Одан бері де тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысы бар ережелер жазылған кемі екі құжат ұсынылған.
"Қазақстаның қазіргі заңы зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды тағдыр тәлкегіне тастай салады, әйелдер тиісті заң әлі күнге қабылданбағанынан зардап шегіп отыр" дейді HRW ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Ритман. "Заң шығарушылар жаңа заң әйелдердің тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан толық қорғайтынына кепілдік беруі керек".
13 ақпанда Қазақстан ішкі істер министрлігі заң жобасы парламент сенатының қарауында жатқанын хабарлаған. ІІМ ұсынған түзетулерде тұрмыста зорлық-зомбылық жасағандарды "қайта татуласуға жіберу" мәселесі алынып қалған, бұрынғыдай әкімшілік ескертумен шектелмей, қоғамдық жұмысқа салу көзделген.
ІІМ ұсынған заң жобасы еш жерде жарияланбады және оған отбасындағы зорлық-зомбылық өз алдына жеке қылмыс ретінде енгізілгеніне ешбір дәлел де жоқ. Отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша түзетулер енгізілген заң жобасы мәжіліс сайтында жарық көргенімен, ол да тұрмыстағы зорлық-зомбылықты бөлек құқықбұзушылық ретінде қарастырмайды. Құқық қорғаушылар сұрау салған белсенділердің сөзіне қарағанда, оларды заң жобасын жасауға қатыстырмаған, кеңес те сұрамаған.
ПІКІРЛЕР