Accessibility links

Тбилисидегі наразылық кезінде 66 адам ұсталған. Бүгін тағы митинг болмақ


Тбисили, 7 наурыз, 2023 жыл.
Тбисили, 7 наурыз, 2023 жыл.

Тбилисиде "шетел агенті" заңына қарсы наразылық митингінде 66 адам ұсталған. Олар ұсақ бұзақылық жасады және полицияға қарсы шықты деп айыпталған. Бұл туралы Грузия ішкі істер министрлігі хабарлады.

Бұған қоса, полицияға шабуыл жасау, мүлікті бүлдіру сияқты қылмыстық баптар бойынша да тергеу басталған. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, наразылыққа шыққандар полиция өкілдеріне тас, жылдам жанатын зат лақтырып, күш қолданған. Сонымен бірге наразы топ полиция көлігі мен Тбилисидегі Грузия парламенті ғимаратына от қойған.

Полиция демонстранттарға жас ағызатын газ, шулы граната қолданып, су шашқан. Оқиға орнында медицина қызметкерлері болып, жарақат алған жұртқа көмек берген. Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, оқиға кезінде 50 полиция қызметкері жапа шеккен. Жарақат алған демонстранттар туралы дерек айтылмайды.

Кеше, 7 наурызда Грузия парламенті "Сыртқы ықпалды қаржыландырудың ашықтығы туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. "Шетел агенті туралы заң" деп аталып кеткен жобаны 150 депутаттың 76-сы қолдаса, 13-і қарсы дауыс берген, 61-і дауыс бермеген.

Заңға қарсы болған мыңдаған наразы адам Тбилисидегі парламент ғимараты маңына жиналды, кейбірі ғимаратқа өтіп кетпек болды. Полиция мен наразылар текетіресі түн ортасына дейін жалғасқан. Наразылық шарасы Батуми қаласында да өткен.

Оппозицияның айтуынша, заң жобасы Грузия құрамына кіруге ұмтылып отырған Еуропа одағының ережелеріне қайшы және ол үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына көп кедергі жасайды. Заң жобасындағы талап бойынша, табысының 20 пайыздан астамын шетелден алатын ұйым жыл сайын декларация толтырып, ақшаның қайда жұмсалғаны жайлы есеп беріп отыруы керек.

Грузиядағы құқық қорғаушылар мен журналистер бұл заң қабылданса, үкімет олардың жұмысына орынсыз араласып, бостандығын шектейді деп алаңдайды. АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс бұл заң жобасы АҚШ пен Грузияның "әріптестік қарым-қатынасына кедергі келтіретінін" және оны жақтаған адамдар Грузияның "еуроатлантикалық ұмтылысына қауіп төндіретінін" айтты.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили наразы жұртқа қолдау білдіріп, "шетел агенті" туралы заңға вето қоятынын мәлімдеді. Алайда биліктегі партия ветоны еңсеріп, заңды қабылдата алады.

"Осы кеште Руставели көшесінде тұрған жұрт, сіздерге айтамын. Мен де сіздер сияқты ол жерде талай тұрғанмын. Мен сіздермен біргемін, себебі еркін Грузияның өкілі – сіздер. Грузия – еркін Еуропаның бөлшегі, мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл заң ешкімге керек емес, ол Ресейдің бұйрығымен жазылған" деді Грузия президенті.

Конституция бойынша, Грузия президентінің құзыреті шектеулі, ол заң шығару процесіне көп ықпал ете алмайды. Парламентте көпшілік орынды иеленетін "Грузин арманы" партиясын тегі грузин ресейлік бизнесмен Бидзина Иванишвили құрған. Партия ресейшіл саясат ұстанады деп жиі сынға қалады.

Оппозиция 8 наурызда тағы наразылық жиынын өткізетінін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG