Accessibility links

Сенат "жаппай тәртіпсіздікке шақырғандарға" жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдады


9 наурызда сенат "жаппай тәртіпсіздікке шақырғандарға" жазаны қатайтатын заң жобасын мақұлдады. Құжат "Қылмыстық сот ісін жүргізу, жаза атқару саласындағы адам құқықтары, сонымен бірге азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттердің алдын алу мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырудар енгізу туралы" деп аталады. Заң жобасы қабылданса, "жаппай тәртіпсіздік" бойынша сотталғандар мерзімінен бұрын түрмеден босап шығу мүмкіндігінен айырылады.

Сенат отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов "жаппай тәртіпсіздікке шақыру, оның ішінде телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, қылмыстық топ құрамында жасалған бұзақылық бойынша қылмыстар үшін санкция күшейтіледі. Мұндай адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігін болдырмау көзделіп отыр" деді.

Жоба "жаппай тәртіпсіздікке шақыру" бабы (272-бап, 1-бөлігі) бойынша жазаны 3 жылдан 5 жылға, телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы жасалған қылмыс жазасын 3 жылдан 7 жылға дейін көбейтуді ұсынады. Қылмыстық топ құрамында жасалған бұзақылық үшін жазаны 5 жылдан 7 жылға көбейтуді ұсынады.

Ішкі істер министрінің айтуынша, "ұлттық заңнаманы БҰҰ Азаптауға қарсы конвенциясына сәйкестендіру" мақсатында Қылмыстық кодекстегі "азаптау" бабына "адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеті үшін" құқықбұзушылықтың жаңа құрамы енгізіледі. Министрдің түсіндіруінше, "бұл азаптауды қатыгездіктен ажыратуға, заңнамадағы олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді".

"Власть" сайтының жазуынша, заң жобасын талқылау кезінде "лауазымды тұлғалардың заңды әрекетінің нәтижесінде келтірілген физикалық және психикалық зардап азаптау болып есептелмейді" деген тұжырым талқыланған.

"Заң жобасында "ресми қатынас жасайтын тұлға" деген жаңа ұғым бар. Алайда оған кімдер кіретіні анықталмаған. Оны анықтамай жатып, аталған норманы қолдану заң тұрғысынан қаншалық дұрыс? Бұл жайт әрекеті азаптау не ар-намысты қорлау деп есептелмейтін тұлғалардың негізсіз көбеюіне апармай ма?" деп сұрақ қойды сенат депутаты Шәкәрім Бүктүгітов.

Ал ішкі істер министрі Марат Ахметжанов "әрбір фактіні жеке қарастырамыз", бәрі "жағдайға, субъект мен объектіге қарай" қаралады деп жауап берді.

Қазақстанда "жаппай тәртіпсіздікке" шақырғандарға жазаны қатайту кемінде 238 адам қаза болған Қаңтар оқиғасынан кейін ұсынылып отыр. Ресми мәлімет бойынша, Қанды Қаңтарға байланысты жүздеген адам "жаппай тәртіпсіздік" бойынша айыпталып, оларға үкім шыққан. Арасында азаматтық белсенділер де бар. Тергеу кезінде кейбір айыпталушылар іс "біржақты тергелгенін" айтқан. Құқық қорғаушылар мен белсенділер Қаңтар оқиғасы жан-жақты, әділ тергелмеді, "бейбіт наразылыққа шыққандарға билік негізсіз оқ атты, бейбіт митинг мен бүлікті біріктіріп қарастыруға талпынды" деп есептейді. Билік халықаралық ұйымдардың оқиғаны мемлекет ауқымынан кең дәрежеде тергеу туралы ұсынысын кері қайтарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG