Accessibility links

Өзбекстан Мирзияевқа "үшінші мерзімге сайлануға" мүмкіндік беретін жаңа конституция бойынша референдум өткізеді


Өзбекстан парламентінің заң шығарушы палатасы 10 наурызда жаңа конституция бойынша референдум өткізу туралы қаулы қабылдады.

Парламент отырысы тікелей эфирде көрсетілді. Депутаттар "Өзбекстан Республикасы Конституциясы туралы" заң қабылдады. Құжатты 132 депутат қолдады, екі депутат қалыс қалды, үш депутат қарсы шықты.

Парламент отырысында жалпыұлттық референдум өтетін күн белгіленді. Жаңа конституцияға қатысты референдум 30 сәуірде өтетін болды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, парламент конституцияға өзгеріс енгізу құқығына ие. Былтыр 20 маусымда президент конституциялық комиссия мүшелерімен кездесіп, конституцияға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс айтқан. Мемлекет басшысы конституциялық реформаны референдум арқылы жүзеге асырғысы келген.

Конституция мәтіні 65 пайыз өзгереді деп айтылады. Жаңа конституция қабылданған жағдайда қазіргі президенттің екі мерзімі өшіріліп, Шавкат Мирзияев үшінші мерзімге сайлануға мүмкіндік алады.

Заң жобасы алғаш рет 2022 жылғы маусымда талқылауға шығарылған. Сол кезде конституциядан Қарақалпақстанның егемендік мәртебесі мен оның республика құрамынан шығу құқығын алып тастау ұсынылған. Мұндай ұсыныс Қарақалпақстанда наразылық туғызды. Былтыр 1 шілдеде мыңдаған азамат Нөкіс көшелеріне жиналды, ал 2 шілдеде наразылық күшпен басылды.

2 шілдеде Нөкіске барған президент Шавкат Мирзияев Өзбекстан конституциясында Қарақалпақстан туралы баптар өзгермейтінін мәлімдеді.

Нөкістегі қанды оқиғадан соң конституциялық реформалар жөніндегі референдум белгісіз уақытқа кейінге шегеріле берді.

Сарапшылардың дені Өзбекстан конституциясына енетін өзгертулер қабылданған соң, Мирзияев президент қызметінде үшінші мерзімге қалады деп есептейді.

Өзбекстан сенатының вице-спикері Садық Сафоев конституция өзгерген жағдайда президенттің бұған дейінгі мерзімдері өшірілетінін мәлімдеген.

Өзбекстанның жаңа тарихында жалпыхалықтық референдум осымен үшінші мәрте өткелі отыр.

1995 жылғы референдум нәтижесінде сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Каримов билік басында тағы бір мерзімге қалған, ал 2002 жылы конституцияға қазіргідей өзгертулер енгізіліп, президент құзыреті бес жылдан жеті жылға дейін ұзарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG