Accessibility links

Алматыда Sulpak желісінің ондаған жұмысшысы еңбекақы төлеу жүйесіне шағымданды


10 наурызда Алматыда электроника және тұрмыстық техника тауарларын сатумен айналысатын Sulpak дүкендер желісінің тасымал қызметінде істейтін ондаған жұмысшы ереуілге шықты. Бұл жөнінде Tengrinews.kz сайты хабарлады.

Әлеуметтік желідегі ақпаратқа қарағанда, ереуілге шамамен 100 адам шыққан. Олар айлықты төлеген кезде қосылатын бонустар дұрыс есептелмегеніне наразы.

Сайттың хабарлауынша, Sulpak-тың маркетинг бөлімінің жетекшісі Константин Иванюк жұмысшылар наразы екенін ішінара растаған. Оның сөзіне қарағанда, 10 наурызда тасымал қызметінің 40-50 шақты жұмысшысы қызмет міндеттерін атқарудан бас тартқан.

"Компания қызметкерлермен диалог жүргізіп, мәселені шешуге күш салып жатыр" деді ол.

Компания өкілдерінің айтуынша, қызметкерлер ақпан айында жалақы азайғанына наразы болған. Оған маусымға байланысты тапсырыстардың азаюы себеп болған деп айтылады. Компания өкілдері "жалпы алғанда, ереуіл дүкеннің жұмысына әсер еткен жоқ", "бірақ жұма күні біраз тауар ереуілдің салдарынан тапсырыс берушілерге жеткізілмей қалғанын" айтты.

Алматы мен Астанада бұған дейін тамақ жеткізу қызметінің курьерлері де наразылық білдіріп, еңбекақы төлеу жүйесіне шағымданған. Жұмыс берушілер кей жағдайда наразылардың талаптарын орындаған.

XS
SM
MD
LG