Украина қарулы күштері 12 наурызда Ресей жағы кейінгі 24 сағат ішінде 1000-нан астам әскерінен айырылғанын хабарлады. Украинаның шығысындағы Бахмут қаласы үшін қиян-кескі ұрыс жалғасып жатыр. Киев Бахмутта контршабуылға көшуге дайындық жасап жатқанын да мәлімдеді.
Украина қарулы күштерінің бас штабы 12 наурыз күнгі хабарламасында Бахмутта бекіністі алу жалғасып жатқанын жазды. Украина әскері орыс армиясы Лиман, Авдеевка, Марьинка және Шахтер бағыты бойынша да шабуылдап жатқанын айтты.
Бас штабтың мәліметінше, орыстар кейінгі тәулік ішінде 1090 солдатынан және сегіз танкісінен айырылған. Азат Еуропа/Азаттық радиосы тәуелсіз дереккөздерден шайқас қалай жүріп жатқаны туралы ақпарат ала алмады. Алайда ағылшын барлаушылары мен Батыс сарапшыларының айтуынша, орыс әскері Бахмутты жан-жақтан қоршаймын деп орасан шығынға ұшыраған.
Украина құрлық әскері қолбасшысы Олександр Сырский "резервті жасақтап, қарымта шабуылға көшу үшін Бахмутты ұстап тұрған маңызды" деп мәлімдеді. 12 наурызда Украина әскері ел аумағына тағы зымыранмен шабуыл жасалуы мүмкін деді.
"Медиазона" мен BBC-дің Орыс қызметі жинаған мәліметке қарағанда, кейінгі екі аптада Украинадағы соғыста кемінде 1638 орыс солдаты қаза тапқан. Оның кемі 800-і Бахмутта өлген. "Медиазонаның" хабарлауынша, дегенмен Бахмутта қаза болғандар бұдан бірнеше есе көп болуы ықтимал. Журналистер бұрын-соңды аз уақыт аралығында осынша көп адам шығыны тіркелмегенін айтады.
ПІКІРЛЕР