Accessibility links

Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда азапталғандар Алматыға келіп, кінәлілерді жазаға тартуды талап етті


Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғандар қатысқан баспасөз мәслихаты. Алматы, 14 наурыз, 2023 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғандар қатысқан баспасөз мәслихаты. Алматы, 14 наурыз, 2023 жыл.

Бүгін, 14 наурызда Қаңтар оқиғасынан кейін Талдықорғанда азапталғандар баспасөз мәслихатын өткізіп, кінәлілерді жазаға тартуды талап етті. Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро залына жиналғандар "азаптады" деп танылған күдіктілер жазасыз жүргеніне наразы екенін айтты.

Баспасөз мәслихатына Қаңтар оқиғасынан кейін ыстық үтікпен азапталған Азамат Батырбаев қатысты. Оның ісі бойынша бір күдікті қамауға алынған. Азамат Батырбаев "Қаңтар оқиғасынан кейін өзін азаптағандар бойынша қылмыстық іс қозғалғанына бір жылдан асып кетсе де, әлі анығына жетпегенін" айтты.

"Мені азаптады деп арыз жаздым. Бірақ прокуратура бір адамның арызы аз екенін айтып, күдіктіге қатысты үш адам арыз жазуы керек деді. Қарапайым халық бір адамды ұрса, сол күні жазасын алады. Ал бізге жеткіліксіз дейді. Азаптағандар жазасын алса екен" деді ол.

Азамат Батырбаев Талдықорғанда Қаңтар оқиғасынан кейін "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген күдікпен қамауға алынған. Кейін Батырбаев "кінәсін мойындап", тергеумен келісімге келгені хабарланған. Осыдан соң Талдықорған қаласының соты оны 4,5 жыл шартты жазамен босатқан.

Батырбаевтың адвокаты Жалғас Сапарханованың айтуынша, азапталғандар ісі бойынша дәлел жеткілікті болса да, тергеу созылып кеткен.

"Қылмыстық іс қозғалды, бірақ соңына дейін жетпеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен, бас прокуратурадан қылмыстық істерді соңына дейін әділ, заңды қарауды, істі сотқа жіберуге ықпал етуді сұраймыз" деді ол.

Жәбірленушілердің бірі Асхат Ақашев полиция департаментінде аяусыз азап көрсеткен қызметкер кім екенін әлі күнге дейін білмейді. Жәбірленуші өздерін ұрып-соққан басқа да полиция қызметкерлері жұмыстан кетсін деп талап етті.

"Мені тергеушінің кабинетінде белгісіз бір адам темір қалқанмен ұрып-соқты. Ол адамның аты-жөнін білмеймін. Қызметкерлер оны танығанымен, мойындамай тұр. Мені ұрған адам кім екенін айтса екен немесе оны танып беруге мүмкіндік берсе екен" деді Ақашев.

Талдықорғандағы дүрбелең кезінде Жақсылық Советбековтің көлігі камераға түскен, кейін полиция оны тергеуге шақырған. Тергеуден кейін Советбековтің төс сүйегі мен тоғыз қабырғасы сынған. Аяусыз соққыға жығылған Жақсылық Советбековтің ісі бойынша құқық қорғау органының бір қызметкері қамауға алынған, ал біреуі бостандықта жүр. Ол "істі тоқтату үшін әлдекімдер көлік ұсынғанын" айтады.

"Біреулер арқылы ұсынылады, бірақ кім үшін екенін айтпайды. Мен "керек емес" дедім. Жұмысыма орналастырып, денсаулығымды түзеп берсін, басқа ештеңе керек емес. Төрт балам бар, қазір жұмыссызбын" деді ол.

Қазақстанда Қаңтар оқиғасына байланысты мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру", "қару-жарақ сақтау" сынды айыптар тағылған. Ұсталғандар тергеу кезінде азапталғанын мәлімдеді. Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза болған, алты адам құқық қорғау органдары қызметкерлерінің азаптауынан өлген.

Биыл 10 ақпанда Талдықорған қалалық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптады деп күдікке ілінген бес адамға сот үкімі оқылып, олар төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Бәрі Қылмыстық кодекстің "азаптау" бабы (146-баптың 2-бөлігі) бойынша айыпталған. Айыпталушылардың барлығы шенінен айырылып, оларға үш жыл құқық қорғау жүйесінде және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Сот ісіне 23 адам жәбірленуші ретінде қатысқан.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін "қамау орындарында азапталдым" деген жүздеген адам құқық қорғау органдарына шағым түсірген. Бірақ бұл істің көбі жабылып қалған.

Азапталған Талдықорған. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:31 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG