Accessibility links

Батыс Қазақстан облысында ондаған үйге су кірген


Батыс Қазақстан облысында мамандар еріген қар суының бағытын өзгертуге тырысып жатыр. 14 наурыз, 2023 жыл.
Батыс Қазақстан облысында мамандар еріген қар суының бағытын өзгертуге тырысып жатыр. 14 наурыз, 2023 жыл.

Батыс Қазақстан облысында ондаған үйге су кірген. Сырым ауданында бес үйдің суы сорып шығарылған. 26 адам үйлеріне оралған. Бұл жөнінде төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның өңірлік департаментінің хабарлауынша, 28 адам уақытша эвакуация пунктіне орналастырылған, 205 адам туыстарына кеткен. 280 бастан көп мал қауіпсіздік жерге айдалған.

"40 үй әлі су астында қалып отыр" деп жазылған министрліктің 14 наурыз, сағат 23.00-дегі хабарламасында.

Бұған дейін Informburo сайты Оралда жергілікті билік саяжай тұрғындарына Шаған және Дерқұл өзендері тасуы мүмкін екенін, эвакуацияға дайын отыруды ескерткенін жазған.

"Уральская неделя" басылымының жазуынша, апта басында Ақсай қаласының солтүстігіндегі үш бөгетті еріген қар суы бұзып, қала көшелерін су басқан. Су қала орталығына жетіп, әкімдіктің ауласы мен жертөлесін басып қалған. 3 мыңнан астам адам тұратын Бесағаш, Кеңтүбек, Пролетарка, Қарағанды және өзге де ауылдар қалаға қатынай алмай қалған.

Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына қарсы шаралар жүргізіп жатқанын, қауіпті жерлерге 3 мыңнан астам қап төселгенін, судың бағытын бұратын орлар қазылғанын хабарлады.

Құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарға төтенше жағдайлар қызметі, әкімдік өкілдерімен бірге ІІМ, қорғаныс министрлігінің қызметкерлері де жұмылдырылған.

Бұған дейін Орал қаласында, Шыңғырлау, Бөрлі, Бәйтерек аудандарында су тасқынына байланысты жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланғаны хабарланған. Ондаған үйге су кірген. 100-ден астам адам эвакуацияланғаны айтылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG