Accessibility links

Маңғыстау облысы: Қарақия аудандық соты тағы бір ереуілді заңсыз деп таныды


"АқтауКранТехСервис" және "ТрансАбис" компаниялары жұмысшыларының ереуілі. Маңғыстау облысы.
"АқтауКранТехСервис" және "ТрансАбис" компаниялары жұмысшыларының ереуілі. Маңғыстау облысы.

Маңғыстау облысы Қарақия ауданында "АқтауКранТехСервис" және "ТрансАбис" компаниялары жүргізушілерінің ереуілдеп жатқанына жеті күн болды. "Арнайы техника" кәсіподағы төрағасының орынбасары Жасұлан Өтешиевтің сөзіне қарағанда, ереуілге қазір 200-ден астам адам қатысып жатыр.

Наразылар бірінші кезекте жалақыны West Oil Software және "Бозащы Транс Құрылыс" жұмысшыларының жалақысына жеткізуді, бұған қоса, "ҚазМұнайГаздың" бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесіне 100 пайыз енгізуді талап етеді. Одан бөлек, жұмыстан шығарылған қызметкерлерді жұмысқа қайта алуды, инженерлер мен техниктер құрамын тұтас жаңартуды, ұзақмерзімді еңбек келісімін жасасып, еңбек жағдайын жақсартуды талап етеді.

15 наурызда жұмысшылар билікке кезекті видеомәлімдеме жасап, аймақ әкімі Нұрлан Ноғаевты наразыларға келіп, мәселелерін шешіп беруге үндеді. Бұған дейін наразылар осыған ұқсас талапты президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен "ҚазМұнайГаз" басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке қойған.

Кәсіподақ төрағасының орынбасары Жасұлан Өтешиевтің айтуынша, жұмысшылар жалақыны 50 пайыз өсіруді талап етіп отыр. Мұндай жағдайда, мысалы, кезегін толық орындаған жеңіл көлік жүргізушісінің жалақысы 450 мың теңге болуға тиіс. Қазір ол шамамен 300 мың теңге алады.

Ал "АқтауКранТехСервис" және "ТрансАбис" компаниялары жұмысшылармен жасалған еңбек келісімшартының барлық талабын орындап отырғанын айтады. Басшылық өкілдері жұмысшылардың талабын орындасақ, компанияның қаржы-экономика жағдайы нашарлайды деп есептейді.

Қос компания да сотқа шағымданып, ереуілді заңсыз деп тануды сұраған. Қарақия аудандық соты 10 наурызда төрт қаулы шығарып, шамамен 200 адамға қатысты компанияның өтінішін қанағаттандырған. Соңғы шешім 15 наурызда түстен кейін шықты. Жұмыс берушілердің айтуынша, жұмысшылар мәселені реттеу үшін бітім комиссиясын құру туралы ұсыныстан бас тартқан. Жауапкерлер жұмыс берушілерге жоғарыда айтылған талаптардың орындалмауына байланысты жұмысты тоқтатқаны туралы жазбаша ескерту хат бергенін айтып, соттан компаниялардың өтінішін орындамауды сұраған.

Қарақия аудандық соты бұған дейін Techno Trading LTD жұмысшыларының да 9 наурыздан бері жалғасып келе жатқан ереуілін заңсыз деп таныған. Techno Trading LTD жұмысшылары да жалақыны 100 пайыз өсіруді талап етеді. Екі істі аудандық соттағы бір судья – Мәншүк Жұмаева қараған. Бұған дейін Techno Trading жұмысшылары да билікке осыған ұқсас видеомәлімдеме жолдаған.

XS
SM
MD
LG