Accessibility links

Мирзияев түрік азаматтарын Ердоғанға дауыс беруге үндеді


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарада. Архивтен алынған.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарада. Архивтен алынған.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев түрік сайлаушыларын алдағы сайлауда қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанды "толық қолдауға" үндеді. Түркия азаматтары президентті 14 мамырда сайлайды.

Мирзияев бұл сөзін 16 наурызда Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде айтты.

Өзбекстан басшысының мәлімдеуінше, "қуатты Түркияның жетістікке жетуінде құрметті президенттің үлесі зор".

"Бауырлас халықтар атынан түрік халқын алдағы сайлауда құрметті Режеп Тайып Ердоғанды толық қолдауға шақырамын" деді өзбек президенті.

Мирзияев бұл мәлімдемесін Өзбекстан қазіргі президенттің құзыретін ұзартуды көздейтін референдумға дайындалып жатқан шақта айтты.

30 сәуірде дауыс берілетін конституцияның жаңа нұсқасына сәйкес, 2016 жылдан бері ел басқарып отырған Мирзияевтың бұған дейін президент болған мерзімі "жойылып", ол билікте 2040 жылға дейін қала алады.

Анкарадағы саммит табиғи апаттар мен гуманитарлық көмек тақырыбына арналғанына қарамастан, сарапшылардың кейбірі бұл жиын Түркияны 20 жылдан бері басқарып келе жатқан президент Ердоғанды қолдау мақсатында ұйымдастырылған деп есептейді.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, түрік лирасы күрт құнсызданғаны мен жойқын жер сілкінісінің салдары Ердоғанның рейтингісіне теріс әсер еткен.

Түркияда президентті сайлау биыл 14 мамырда өтеді. Түрік оппозициясы атынан сайлауға Кемал Қылышдароғлы қатысады. Халықтық-республикалық партияның жетекшісі мамырдағы сайлауда Режеп Ердоғанның басты қарсыласы болады.

XS
SM
MD
LG