Accessibility links

Путин жалдамалы әскерилердің беделіне нұқсан келтіргендерді 7 жылға дейін соттайтын заңға қол қойды


Владимир Путин.
Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин Украинада Ресей жағында соғысып жүргендер, соның ішінде еріктілер туралы да "жалған ақпарат таратқандарды" және олардың "беделіне нұқсан келтіргендерді" жазалайтын заң жобасына қол қойды. Құжат құқықтық ақпарат интернет-порталында жарияланды.

Ресейде соғыс туралы қорғаныс министрлігінің хабарламасынан өзгеше кез келген ақпаратты билік "жалған" және "арандату" деп атайды. Мысалы, орыс әскері бейбіт тұрғындар паналаған Мариупольдегі драма театрын бомбалағаны, Мариупольдегі перзентханаға соққы жасағаны ақпарат ретінде мойындалса да, билік мұны "фейк" дейді.

Заң жобасына сәйкес, "жалған ақпарат тарату" туралы бұған дейін қабылданған бапқа (207-бап) түзетулер енгізіледі. Бұған дейін заң орыс армиясына алынғандар мен мобилизацияланғандарды ғана "қорғаса", енді оған еріктілер мен жалдамалы солдаттар кіріп отыр. Жаңа түзетуге сәйкес, баптың алғашқы тармақтары бойынша жаза үш жылдан бес жылға дейін ұлғайтылады. Баптың екінші және үшінші бөліктері бойынша ең үлкен жаза 10-15 жыл түрме жазасы болып өзгермеген күйі қалған.

"Ресей армиясының беделіне нұқсан келтіру" туралы бапқа өзгертулер мен түзетулер енгізілді. Жаңа түзетулер бойынша, 280-бап ("беделге нұқсан келтіру") бойынша ең үлкен жаза бес жылдан жеті жылға ұлғайтылды.

Қаңтар айында "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин "еріктілердің беделіне нұқсан келтірумен айналысатын жекелеген БАҚ, блогерлер мен телеграм-арналар бар, оларды қатаң түрде тоқтату қажет" деген. Бұдан соң мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттерге мәселені дереу зерттеп, заңға өзгеріс енгізу мәселесін қарастыруды тапсырған.

Қараша айында Ресей басшысы Владимир Путин еріктілерді жалдамалы әскери қызметкердің мәртебесіне теңестіретін заңға қол қойған.

XS
SM
MD
LG