Елде парламент сайлауы өтіп жатқанын еске салатын плакаттар болмаса, 19 наурыз алматылықтар үшін жай күндердің бірі болар еді. Кейінірек қала тұрғындарының көбі бұл күнді әдеттегі демалыс сияқты өткізгені белгілі болды. Қазақстанның ең ірі қаласында сайлаушылардың 26 пайызы ғана дауыс берген. Азаттық тілшісі Алматыдағы сайлау қалай өткенін көріп қайтты.
Таңғы 7-де Ұлттық кітапханада орналасқан №254 сайлау учаскесінің алдында болдым. Бұл жерді бекер таңдаған жоқпын. Бұл ауданда таң атпай дауыс беруге келетін зейнеткерлер көп тұрады.
Сағат 7-ден кете бастағанда сайлау учаскесінде ешкім болмады. Дауыс беру кабиналарының сол жағында бақылаушылар, оң жағында сайлау комиссиясының мүшелері отырды. Дауыс беріп жатқан адам болмаған соң, жұрттың бәрі "31 арна" тілшісінің камера алдында сөйлеуге дайындығын тамашалады. Журналист тікелей эфирге қосылу үшін сайлау учаскесіндегі бірінші дауыс берушіні күтіп тұрды.
Уақыт өтіп жатты, бірақ сайлау учаскесіне ешкім келмеді. 10 минуттан соң, түсірілім тобы "эфир уақыты таяп қалды" деп, басқа учаскеге кетті.
– Бұрын-соңды 7.10-ға дейін ешкім дауыс беруге келмеді деген болмайтын. Ең белсенді сайлаушыларымыз – зейнеткерлер де көрінбейді. Ұмытып кетпесін деп, қолдарына шақырту таратып шығып едік, – деді сайлау комиссиясының төрайымы Бақытжамал Оспанова сыбырлап.
7.13-те бірінші сайлаушы келді: 60-тар шамасындағы ер адам, әлі зейнетке шықпаған. Дауыс берген кісіге Rafaello шоколады мен Хасен Әдібаевтың "Абай патшалығы" деген кітабы сыйға берілді. Не дегенмен кітапхана ғой.
Ер адамнан кейін мен де дауыс беремін деп шештім (иә, осы сайлау учаскесіне тіркелгенмін): сайлаушылар тізімінен өз аты-жөнімді таптым да, бюллетень алып, кабинаға беттедім.
Қолыма төрт қағаз тиді. Қызғылт түсті қағазда бірмандатты кандидаттар арасынан Алматы мәслихаты депутатын таңдау қажет болды. Екінші қағазда мәслихат депутаттарын партиялық тізім бойынша таңдадым. Көк қағазда партиялық тізім бойынша мәжіліске барудан үмітті партиялар тізімі, жасыл қағазда парламентке ұсынылған бірмандатты кандидаттардың аты-жөні берілген. Тізім ұзын екен, сайлауалды науқанды жіті бақылап жүрген менің өзім осынша адамның аты-жөнін көріп, абдырап қалдым.
Дауыс беріп болған соң, бюллетеньдерімді сайлау жәшігіне салдым. Бірақ қағаз мыжылып, жәшікке бірден түсе қоймады. Президент Тоқаевтың жақтастарының айтқаны дұрыс болып шықты: Қазақстанда шынымен бұрын-соңды мұндай сайлау болмаған екен.
Сайлау учаскесіндегі белсенділік өзгере қоймады: 7.30-ға қарай, мені қоспағанда, екі адам ғана дауыс берді. 8.30-ға қарай сайлаушылар саны әупірімдеп 20-ға әзер жетті.
№377 сайлау учаскесі оқушылар сарайында орналасқан. Бұл – 40 жыл бұрын Қазақстанды Қонаев басқарған кезде салынған ғимарат. Ол кезде парламент туралы пікір айтқан адам түрмеге жабылуы мүмкін еді.
Ғимарат алдындағы кең алаңда жәрмеңке ұйымдастырған екен. Онда мата сатып, келгендерге бауырсақ таратып жатыр.
Оқушылар сарайының фойесінде ұлттық киімдегі ансамбль "Адай" күйін орындады. Ал кандидаттардың суреті ілінген стенд алдында іші пысқан жасөспірім бала мен ішіне екі адам сыятын қуыршақ түйе тұрды. Түйе билеп жүрді, бірақ шаршаңқы көрінді.
Дауыс беру гипстен жасалған лотоспен безендіріліп, қабырғаларына таңғажайып өсімдіктердің суреті салынған кең әрі жарық залда өтті. Мұның бәрі сайлау атмосферасына сюрреализм қосып жібергендей болды.
Кандидаттар туралы ақпарат жазылған стенд алдында билеп жатқан түйеге назар аудармастан бірнеше адам тұр. Кейбірі қолына бюллетень алып, кандидаттардың фамилиясы мен қабырғаға ілінген ақпаратты оқуға кіріскен.
Бәрінен де 70 жас шамасындағы кісі ақпаратқа көп шұқшиды. Ол кандидаттар суретіне ұзақ қарап, ойланып, пікірін жасырмай айтты.
– Жастарға дауыс беру керек. Жастар қайда? Бәрі Назарбаев тұсындағы ескі адамдар! Жастау кандидаттарға дауыс беремін, – деді ол.
Кімге дауыс берерін білмеген сайлаушылардың жүзінен қобалжу байқалды. Олар кабинада ұзақ тұрып, ойға батып шықты. Сайлаушылар жәшікке бюллетень салып жатқанда қолындағы парақта кандидаттың аты-жөні емес, мәңгілікке қош айтысып жатқан жалақысы жазылғандай көрінді.
– Сайлауға келген себебім, дауыс беруге міндеттіміз. Жақсылықтан үмітіміз бар, – деді Қалбибі есімді әйел. Ол қазір ғана өзі дауыс берген кандидаттардың аты-жөнін ұмытып қалған.
Түске қарай №254 сайлау учаскесіне оралдым. Ол жаққа үйден дауыс беру туралы өтініш түскен. Сайлау комиссиясының мүшелері жылжымалы жәшікті көтеріп, көрсетілген мекенжайға кетті.
Бұл учаскеде Қазақстанға белгілі әнші әрі композитор Ескендір Хасанғалиевтің жесірі Дарико Хасанғалиева да дауыс берді. Бірақ ол денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмады.
– Еңбек ардагерімін, мамандығым – дәрігер, 25 жыл бойы Қазақстандағы халықаралық "Қызыл жарты ай қоғамын" басқардым. Аз қамтылған отбасыларға тиісті көңіл бөлінгенін қалаймын. Жұмыс істеп жүргенімде мыңдаған әл-ауқаты төмен, мүгедек адамды көрдім. Олардың бәріне қолымыздан келгенше көмектесуге тырыстық. Қазір азық-түлік бағасы шарықтап кеткен, бұл адамдардың жағдайы бұрынғыдан да қиын. Шетелде емдетуге болатын науқас балаларға назар аударылса деймін. Олардың еміне қыруар қаражат керек. Өзгерістер, жақсы өзгерістер болсын деп дауыс беремін. Бәрі орындалсын деп тілеймін, – деді Дарико Хасанғалиева.
Репортаждағы үшінші әрі соңғы аялдама Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында орналасқан №299 сайлау учаскесі болды. Мұнда келген сайлаушылар кандидаттардың саяси уәдесінен бөлек, қазақстандық сұрыптаушылар шығарған алма түрлерімен де танысып қайтты: қабырғаларға қызыл, сары, қоңыр түсті жемістердің суреті ілінген.
Сайлау учаскесінен бейбіт атмосфера сезілді. Бақылаушылар бір де бір заңбұзушылық тіркемеген, ал сайлау комиссиясының төрайымы Әйгерім Сейсенова халық белсенді дауыс беріп жатқанын айтты.
– Сайлаушылар белсенді, қанша адам дауыс бергенін білмеймін, кешірек санаймыз. Бірақ таңғы 7-ден бастап адамдар келіп жатыр. Таңертең әдетте зейнеткерлер, кейін жастар келеді. Тізімде 2507 адам бар, – деді Сейсенова.
Бұл тізімдегі адамдардың қаншасы дауыс бергенін біле алмадым. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала дерегінше, Қазақстанда 19 наурызда өткен мәжіліс пен мәслихатты кезектен тыс сайлауға дауыс беру құқығына ие азаматтардың 54,19 пайызы ғана қатысқан.
ПІКІРЛЕР