Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткер болған бір топ адам мен олардың сенімді өкілдері 21 наурызда Шымкентте баспасөз мәслихатында сайлауды қайта өткізуді талап етті. Олар сайлау нәтижесін мойындамайтынын айтып, бұл іске президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуын сұрады. Баспасөз мәслихатына 30-дан астам адам жиналды.
– Шымкенттегі №239 сайлау учаскесінде күнұзақ өрескел заңбұзушылықтар болды. Сайлау комиссиясы берілген дауысты есікті жауып қойып санады. Хаттамасын бермей, нәтижесін айтпай, бюллетеньдерді қапшыққа салды да, полицияның арнайы жасағымен бірге алып қашып кетті. Округ бойынша 17 сайлау учаскесі бар. Қолымызда 16 учаскенің хаттамасы тұр. Осы хаттамалардың есебі бойынша, қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Арман Оразбаев екі есе артық дауыс жинап, ұтып тұр. Ал №239 сайлау учаскесінің сайлау комиссиясының үстінен прокуратураға арыз түсірдік, сотқа береміз, – Арман Оразбаев штабының басшысы баспасөз мәслихатында.
Түркістан облысындағы №27 сайлау округінен мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде өзін-өзі ұсынған Нұржан Әлтаевтың сөзінше, ол округтегі хаттамалардың 80 пайызын алған. Әрбірінде жауапты адамдардың қолы мен мөрі бар. Сөзінше, ссы хаттамалардағы есеп бойынша, ол 35178 дауыс жинаған. Ал мәжіліс депутаттығына өткен Темір Қырықбаев 32251 дауыс алған.
– Қырықбаев 117 мың дауыспен ұтты дейді. Қып-қызыл өтірік. Осынша адам дауыс беруге келмеді. Мына хаттамаларда ол қанша дауыс жинағаны жазылып тұр. Кім санағысы келеді, санасын. Біз оны дәлелдей аламыз. Бұл – алаяқтық. Түркістан облысындағы жергілікті билік өрескел заңбұзушылыққа барды. Осылай жалғасса, халық көтеріледі, Қаңтар оқиғасы қайталанады. Мен бұл сайлаудың нәтижесін мойындамаймын, – деді Әлтаев.
Сайлау нәтижесіне наразы кандидаттар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан мәжіліс және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау нәтижесін тез арада жойып, қайта сайлау өткізуді талап етті. Оларды баспасөз мәслихатына қатысқан ондаған жақтасы қолдады, кейбір үміткерлер дауыс беру тоқтағанына бір жарым тәуліктен асса да, кей сайлау учаскелерінің хаттамаларын ала алмай жүргеніне шағынды.
20 наурызда Астанада орталық сайлау комиссиясы бірмандатты жүйе бойынша алдын ала сайлау нәтижесін жариялап, Шымкенттен Данабек Исабеков пен Болатбек Нәжметдинұлы, Түркістан облысынан Ұласбек Сәдібеков пен Темір Қырықбаев мәжіліс депутаттығына өткені белгілі болған. Шымкентте мәжіліске екі сайлау округінен 16 үміткер, Түркістан облысында үш сайлау округінен 21 үміткер тіркелген. Қала мен облыс мәслихаттары депутаттығына кімдер өткені әзірге белгісіз.
"Сайлау нәтижесі бұрмаланды" деген Нұржан Әлтаевтың мәлімдемесіне қатысты Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішев Азаттыққа пікір білдірді. Әлтаевтың №27 округ бойынша сөзін терістеген ол қандай да бір шағым болса, бес күн ішінде сотқа жүгінуге кеңес берді. Ал Темір Қырықбаевтан бұған қатысты комментарий алу мүмкін болмады.
Алматыда да бір топ кандидат сайлау нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеп, кейбірі сотқа шағымданған.
Сайлауды бақылаған ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы "сайлау саяси өмірге бәсеке әкелгенімен, әртүрлі әкімшілік кедергілер әлі бар" деп мәлімдеді.
Ал президент Тоқаев 21 наурызда сайлауды "бүкіл реформаларды алға бастайтын өте маңызды қадам" әрі "ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы" деп сипаттады. Ол "мемлекет жаңа дәуірге қадам басып", елде "жаңа саяси кезең қалыптасты" деді.
Әлеуметтік желіде бюллетеньді топтап салу, бақылаушылардың сайлауды бақылауына кедергі жасау, сайлау учаскелерінде хаттаманы уақытында бермей, созбаққа салу сынды заңбұзушылықтар туралы көп ақпарат болды.
Бас прокуратура сайлау күні заңбұзушылықтар болғанымен, олар дауыс беру нәтижесіне әсер етпеді деп мәлімдеді.
ОСК нәтижесі бойынша, мәжілістегі басым орынды биліктегі "Аманат" партиясының мүшелері алмақ.
ПІКІРЛЕР