Accessibility links

Шығыс Қазақстан облысында екі кандидат сайлау нәтижесін мойындамады. Петицияға қол қойғандар 14 мыңнан асты


ШҚО сайлау комиссиясына талап айтып барған ШҚО мәслихаты депутаттығына кандидат Александра Осипованың сенімді өкілі Роман Честных. 24 наурыз, 2023 жыл. Скриншот.
ШҚО сайлау комиссиясына талап айтып барған ШҚО мәслихаты депутаттығына кандидат Александра Осипованың сенімді өкілі Роман Честных. 24 наурыз, 2023 жыл. Скриншот.

Шығыс Қазақстан облысынан мәжіліс депутаттығына кандидат болған Қалибек Қалиолданов пен облыстық мәслихат депутаттығына кандидат болған Александра Осипова сайлаудың қорытынды хаттамасын ала алмай жүр. Олар облыстық сайлау комиссиясына бірнеше рет талап айтып барған, бірақ "комиссия мүшелері сөзімізді елеусіз қалдырды" дейді.

– Комиссия маған "хаттаманы Астанаға орталық сайлау комиссиясына жібердік" деп жауап берді. Көшірмесін көрсетуден бас тартты. Заң бойынша, олар қорытынды хаттаманың көшірмесін (облыстық сайлау комиссиясы ғимаратына) ілуге тиіс. Бірақ ілген жоқ, – деді мәжіліс депутаттығына үміткер болған заңгер Қалибек Қалиолданов.

Қалиолданов 23 наурызда президент атына "сайлау нәтижесін жоюды" талап еткен петиция жазды. Петиция үш күнде 14 мыңнан астам қол жинады. Шығыс Қазақстан облысынан мәжіліс депутаттығына оның қарсыласы, кәсіпкер, "Аманат" партиясының мүшесі Лұқбек Тұмашинов өтті.

Ал облыстық мәслихатқа Өскеменнен кандидат болған блогер, белсенді Александра Осипованың сенімді өкілі Роман Честных "комиссия мүшелері қорытынды хаттаманы қолдан өзгертіп жіберді" деген пікірде. Айтуынша, Осипованың сенімді өкілдері сайлау өткен күні оған дауыс бере алатын барлық 15 учаскеден (Өскемендегі №3 округ) хаттамалардың көшірмесін алған. Есептеулері бойынша, Осипова 2150 дауыс, ал оның қарсыласы, "Аманат" партиясының мүшесі, Үлбі металлургия зауытының басқарма төрағасы Сергей Бежецкий 2083 дауыс жинаған. Бірақ ресми қорытынды "Аманат" өкілі 2183 дауыс алды деп көрсеткен.

– Осипованың сенімді өкілдері сайлау өткен күні барлық учаскеден хаттама көшірмелерін ала алды. Ол хаттама көшірмелері бақылаушылардың көзінше берілді, бірақ шығарған қорытындысы мынадай болды... Бізге округ бойынша қорытынды хаттаманы көрсеткен жоқ, әйтпесе қай жерін қалай өзгерткенін анық айтып берер едім, – дейді Честных.

Ол облыстық сайлау комиссиясына екі рет талап айтып барғанымен, қорытынды хаттаманы көре алмаған. Енді сайлау нәтижесі бойынша сотқа арызданатынын айтты.

Азаттық тілшісі облыстық сайлау комиссиясының өкілінен қорытынды хаттаманың көшірмесі неге ғимаратта ілінбегенін сұрады, бірақ комиссия өкілі жауап бермеді. "Аманат" партиясының мүшесі, Үлбі металлургия зауытының басқарма төрағасы Сергей Бежецкийден де Азаттық әзірше жауап ала алмады.

Тәуелсіз бақылаушылар мен тәуелсіз кандидаттардың сенімді өкілдері ШҚО-да сайлау қарсаңында "карусель" әдісімен дауыс беру, учаске ішінде жүріп-тұруды шектеу, комиссияның хаттамаларды бермеуі, бір адамның бірнеше рет дауыс беруі сияқты заң бұзу әрекеті болды деп мәлімдеді.

Ресми ақпарат бойынша, ШҚО-да дауыс беруге құқылы 499 мың адамның 303 мыңы сайлауға қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG