Accessibility links

Адвокат: 25 күнге қамалған журналист Думан Мұхаммедкәрім аштық жариялады


Журналист Думан Мұхаммедкәрім мен оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов Іле аудандық полиция басқармасында. Алматы облысы, 12 қазан, 2022 жыл.
Журналист Думан Мұхаммедкәрім мен оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов Іле аудандық полиция басқармасында. Алматы облысы, 12 қазан, 2022 жыл.

25 күнге қамалған журналист Думан Мұхаммедкәрім аштық жариялады деп хабарлады адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Адвокаттың айтуынша, журналист өзіне БАҚ өкілдерін жіберуді талап етіп отыр. Журналист бастапқыда дәрі-дәрмек берілмегендіктен, 24 наурызда аштық жариялауды бастаған. 25 наурызда кешкісін оған дәрі-дәрмек жеткізілген.

– 24 наурызда апелляциялық сот өтіп, шешім өзгеріссіз қалды. Сот кезінде көптеген заңсыздық болды. Думан әлі кандидат болғандықтан, оның иммунитеті бар. Бірақ сот біздің айтқанымызды ескерген жоқ. Енді кассациялық сотқа шағымданамыз, – деді Ғалым Нұрпейісов 26 наурызда таңертең Азаттық тілшісіне.

Оның сөзінше, Думан Мұхаммедкәрім қазір Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында қамауда отыр. Азаттық әзірше Еңбекшіқазақ аудандық полициясынан жауап ала алмады.

Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Думан Мұхаммедкәрім Есік қаласындағы уақытша қамау изоляторының бастығына арыз жазған, ал изолятор бастығы "Бұл менің құзыретіме кірмейді, полиция бастығына жаз. Бастық қандай бұйрық берсе, мен соны орындаймын" деген. "Изолятор әкімшілігі жағдайдан хабардар" деді адвокат.

Мәжіліске кандидат болған Думан Мұхаммедкәрім 20 наурызда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында сайлау нәтижесіне келіспейтінін айтып, жұртты бейбіт наразылыққа шақырған еді. Жиында ол "мені митингіге шақырғаным үшін осыған дейін 15 тәулікке қамаған, осы жолы 30 тәулікке қамауы мүмкін. Бірақ мен қорықпаймын" деген еді. 21 наурызда сот оны 25 тәулікке қамады.

YouTube-тегі арнасында билікті сынайтын видео жариялап жүрген журналист мәжіліс сайлауына кандидатурасын ұсынған, бірақ аумақтық сайлау комиссиясы Думан Мұхаммедкәрімнің тұрғылықты тіркеуі дұрыс емес деп, кандидатурасын тіркемеген. Кейін ол сотта жеңіп, кандидатурасы тіркелген. ОСК нәтижесі бойынша, Мұхаммедкәрім мәжіліске өтпеді.

  • 19 наурыздағы мәжіліс пен мәслихатты сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, депутаттық мандаттың басым бөлігін биліктегі "Аманат" партиясы алды. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау күні бюллетеньді топтап тастау, "карусель" әдісімен дауыс беру, бақылаушыларды дауыс санауға қатыстырмау сияқты заң бұзу фактілері болды деген. Дауыс санау кезінде заңбұзушылықтар болғанын ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы да айтты.
  • Сайлауға өз-өзін ұсынған, бірақ мәжіліс пен мәслихатқа өтпей қалған кандидаттардың басым бөлігі де нәтижеге келіспей, биліктен дауыс беруді қайта өткізуді талап еткен.
  • 21 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Наурыз мерекесінде сайлауды "ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы" деп атады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG