Ресей Беларусь аумағына тактикалық ядролық қару орналастырады. Ресей президенті Владимир Путин "Россия 24" арнасына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Путиннің сөзіне қарағанда, Александр Лукашенко одан ұзақ уақыттан бері Беларуське қару орналастыруды сұрап келеді. Ресей басшысының айтуынша, Беларусьте 1 шілдеге қарай тактикалық ядролық қаруға арналған қойма құрылысы аяқталуға тиіс.
Бұған қоса, Беларуське сол қаруды қолдана алатын "Ескендір" ракета кешені берілген.
Осыған дейін Лукашенко Беларусь әскери-әуе күштерінің бірқатар ұшағы қайта жабдықталып, енді олар ядролық ракеталар тасымалдай алатынын айтқан. Путин мұндай 10 ұшақ барын айтты.
Путиннің айтуынша, Беларуське ядролық қару орналастыру туралы шешім Ұлыбритания Украинаға уран элементтері бар снарядтар беретінін мәлімдеген соң қабылданған. Мұндай снарядтар ядролық қаруға жатпайды. Путиннің айтуынша, Ресейдің өзінде осындай жүздеген мың снаряд бар.
Мәскеу Ұлыбританияның мәлімдемесіне бірден реакция білдіріп, Лондонды "ядролық жағдайды ушықтырып отыр" деп айыптап, жауап қайтаратынын айтқан. Дегенмен Путиннің сұхбаттағы сөзіне қарағанда, Беларуське мұндай ракета кешені британ жағы мәлімдеме жасамай тұрып берілген. Ұшақтар да бұрын жабдықталған. Қойма құрылысы да Ұлыбритания мәлімдемесіне дейін басталғаны белгілі болды.
Путиннің айтуынша, Ресей Беларуське ядролық қару бермейді, тек оның аумағына өз қаруын орналастырады. Ресей басшысы АҚШ та ядролық қаруын Еуропа елдерінде "орналастырып жатқанын" алға тартқан.
Путин сонымен бірге Батыс елдерінің Украинаға қару-жарақ пен оқ-дәрі беруін Ресей үшін қауіп-қатер деп атады. Ол советтік сарынға салып, Батыс елдерін "соғысты тұтандырып отыр" деп айыптады. 1952 жылы күзде КПСС съезінде сөйлеген Иосиф Сталин де АҚШ бастаған Батыс елдеріне қатысты дәл осы тіркесті қолданған.
Путиннің айтуынша, Ресей Украинаға қарағанда үш есе көп оқ-дәрі өндіре алады, ал "орыс армиясының танкілері Украина қарулы күштерінің танкісінен үш есе көп болады". Ресей президенті қару-жарақ өндірісін ұлғайту Ресей экономикасының дамуын тежемейді деді.
- Тактикалық ядролық қарудың нақты анықтамасы жоқ. Болжам бойынша, ол – қуаты аз, қысқа қашықтыққа әсер ететін ядролық оқ-дәрі. "Ескендір" ракетасы айналасындағы 500 шақырымға дейін әсер ете алады. Яғни Беларусьте орналасқан ракеталар Польшаның барлық аумағына қатер төндіруі мүмкін. Көрші елдерге де жанама әсері бар.
- Лукашенко былтыр тамызда Беларусь ядролық қару алып жүретін ұшақтарды қайта жаңалап біткенін хабарлаған. "Путинмен бұрын Питерде беларустың Су-24 ұшақтарын қайта жабдықтап, ядролық қару таси алатындай ұшақ жасаймыз деп айтқанбыз. Біз тек ауызбен орақ орып отыр деп ойлайсыздар ма? Бәрі дайын!"деген еді Лукашенко.
- СССР кезінде Беларусь аумағында ядролық қару орналастырылған. СССР ыдырағаннан кейін ол беларус билігінің келісімімен Ресейге жеткізілген. Беларусь ядролық қаруы жоқ ел ретінде ядролық қару таратпау туралы келісімге қосылған.
ПІКІРЛЕР