Accessibility links

Соғысты зерттеу институты Путин өзінің "ядролық мүмкіндіктерін асырып айтып отыр" деп есептейді


АҚШ мемлекеттік департаменті ғимараты.
АҚШ мемлекеттік департаменті ғимараты.

Америкалық Соғысты зерттеу институты (ISW) Путиннің сұхбатын "кезекті ақпараттық операция" деп атады. Институт сарапшылары Путин Украинаның Батыстағы одақтастарына сес көрсету үшін ресейлік қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарын мобилизациялау мүмкіндіктерін асырып көрсетіп отыр деп есептейді.

ISW мамандарының айтуынша, Путиннің жылына шамамен 1,6 мың танк шығарамыз деген мәлімдемесінде соғыстағы шығындар мен өндірістегі шектеулер ескерілмеген. Елдегі танк өндіретін жалғыз кәсіпорын "Уралвагонзавод" айына 20 танк қана шығарады.

АҚШ Путиннің Беларусь аумағына ядролық қару орналастыратыны жайлы мәлімдемесіне алаңдамайтынын мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Ведант Патель CNN телеарнасына ведомство жағдайды әрі қарай да бақылай береді деді. Алайда ол АҚШ мемлекеттік департаменті Ресей Украинада ядролық қару қолдануға дайындалып жатқанын дәлелдейтін белгі көрмегенін айтты. Вашингтон өзінің ядролық күштерін жоғары әскери дайындыққа келтіру қажет емес деп есептейді.

Пентагон мен АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесі де осыған ұқсас мәлімдеме жасады.

Сенбі күні "Россия 24" арнасына берген сұхбатында Владимир Путин Ресей Беларуське тактикалық ядролық қаруын орналастырады деп мәлімдеген.

Ресей президентінің сөзінше, 1 шілдеге қарай Беларусьте тактикалық ядролық қаруға арналған қойма құрылысы аяқталуға тиіс. Бұған қоса, Беларуське осы қаруды қолдана алатын "Ескендір" ракета кешені берілген.

Путиннің айтуынша, Ресей Украинаға қарағанда үш есе көп оқ-дәрі өндіре алады, ал "орыс армиясының танкілері Украина қарулы күштерінің танкісінен үш есе көп болады". Ресей президенті қару-жарақ өндірісін ұлғайту Ресей экономикасының дамуын тежемейді деді.

XS
SM
MD
LG