Accessibility links

Украина Путиннің мәлімдемесі туралы: Кремль Беларусьті ядролық кепілге алды


Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов Путиннің Беларусь аумағына тактикалық ядролық қару орналастыратыны туралы мәлімдемесін оның Беларусьтегі жағдайды тұрақсыздандыру қадамы ретінде сипаттады. Оның пікірінше, бұл беларус қоғамында Ресей мен Путинге қатысты теріс пікірді ұлғайтып жібереді.

"Кремль Беларусьті ядролық кепілге алды" деді Данилов.

Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановская Беларусь аумағына ресейлік тактикалық ядролық қару орналастыру ел конституциясына қайшы және ядродан бас тартқан елдің мәртебесіне сәйкес келмейді деді.

"Ресей басқыншы ретінде әрекет етіп жатыр, ұлттық қауіпсіздікке де нұқсан келтіріп отыр, Беларусьті көрші және халықаралық қауымдастыққа қарсы итермелеп отыр" деді Тихановская.

Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Ведант Патель ведомство жағдайды әрі қарай да бақылай береді деген. Алайда ол АҚШ Ресей Украинада ядролық қару қолдануға дайындалып жатқанына дәлел көрмегенін айтқан. Пательдің айтуынша, Вашингтон өзінің ядролық күштерін жоғары әскери дайындыққа көшіру қажет емес деп есептейді.

Пентагон мен АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесі де осыған ұқсас мәлімдеме жасады.

Американың Соғысты зерттеу институты (ISW) Путиннің сұхбатын "кезекті ақпараттық операция" деп атаған. Институт сарапшылары Путин Украинаның Батыстағы одақтастарына сес көрсету үшін ресейлік қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарын мобилизациялау мүмкіндігін асыра көрсетіп отыр деп есептейді.

ISW өкілдерінің айтуынша, Путиннің жылына шамамен 1,6 мың танк шығарамыз деген мәлімдемесінде соғыстағы шығындар мен өндірістегі шектеулер ескерілмеген. Елдегі танк өндіретін жалғыз кәсіпорын "Уралвагонзавод" айына 20 танк қана шығарады.

  • Сенбі күні "Россия 24" арнасына берген сұхбатында Ресей басшысы Владимир Путин Ресей Беларуське тактикалық ядролық қаруын орналастырады деп мәлімдеген. Ресей президентінің сөзінше, 1 шілдеге қарай Беларусьте тактикалық ядролық қаруға арналған қойма құрылысы аяқталуға тиіс. Бұған қоса, Беларуське осы қаруды қолдана алатын "Ескендір" ракета кешені берілген.
  • Путиннің айтуынша, Ресей Украинаға қарағанда үш есе көп оқ-дәрі өндіре алады, ал "орыс армиясының танкілері Украина қарулы күштерінің танкісінен үш есе көп болады". Ресей президенті қару-жарақ өндірісін ұлғайту Ресей экономикасының дамуын тежемейді деген.
XS
SM
MD
LG