Accessibility links

Қытай мен Ресейдің достығы Орталық Азияға қалай әсер етеді?


Өзбек президенті Шавкат Мирзияев Қытай басшысы Си Цзиньпинді қарсы алып тұр. Самарқанд, 14 қыркүйек 2022 жыл.
Өзбек президенті Шавкат Мирзияев Қытай басшысы Си Цзиньпинді қарсы алып тұр. Самарқанд, 14 қыркүйек 2022 жыл.

Си Цзиньпин мен Владимир Путиннің Мәскеуде өткен кездесуінде Қытай мен Ресейдің қарым-қатынасында жаңа дәуір басталды деп жарияланғаннан кейін Пекин Орталық Азия саммитін өткізетін болды.

Қытай басшысы Си Цзиньпин Мәскеуге сапарынан кейін Орталық Азияға назар аударып, мамырда саммит өткізетінін мәлімдеді.

Бұл мәлімдеме Мәскеу сапарынан кейін жасалды. Ресейдің Украинаға басып кіруі Орталық Азияға көп салдарын тигізгенімен, Си Цзиньпин мен Путин әріптестіктің жаңа дәуіріне қадам басты.

Кремль Орталық Азияны үнемі сөзі жүретін стратегиялық аймақ ретінде қарастырып келді. Бірақ кейінгі жылдары өңірде Қытайдың экономикалық ықпалы артып, Ресей екінші орынға ығысты. Ресей Украинаға соғыс ашқалы өңірде геосаяси, экономикалық шиеленіс артып, Қытайдың рөлі одан әрі күшейді. Пекиннің жоғары деңгейдегі дипломатиялық кездесулері мен жаңа бастамалары Ресей, Қытай және Батыс елдерінің арасында тепе-теңдік сақтауға тырысқан Орталық Азия мемлекеттерін қиын жағдайда қалдырды.

Сарапшылар Қытай мен Ресейдің әріптестігі нығайған сайын Орталық Азия елдеріне тепе-теңдік сақтау қиындай түседі дейді.

– Ресей мен Қытайдың әріптестігі Орталық Азия елдерін өте қиын жағдайда қалдырды деп ойламаймын. Бірақ бұл мемлекеттердің сыртқы саясатын жаңа өзгерістерге қалай бейімдейтіні қызық, – дейді Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темір Омаров.

Қытай және Ресей президенттері Си Цзиньпин мен Владимир Путин Мәскеуде. 21 наурыз 2022 жыл.
Қытай және Ресей президенттері Си Цзиньпин мен Владимир Путин Мәскеуде. 21 наурыз 2022 жыл.

ЖАҢА ЖОЛ ІЗДЕУ

Бір кездері Пекин Мәскеудің шамына тимес үшін Орталық Азияда өзін барынша сақ ұстауға тырысатын.

Бірақ кейінгі жылдары Қытайдың қарқыны үдей бастады.

Пекин Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясын кеңейтіп, дипломатиялық әріптестік пен қауіпсіздік саласындағы келісімдер арқылы өңірдегі ықпалын күшейтті.

Қыркүйекте Си Цзиньпин пандемиядан кейінгі шетелге бірінші сапарын Қазақстаннан бастап, ары қарай Өзбекстандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысты. Пекин Орталық Азия елдерімен екіжақты қарым-қатынасын нығайтып, Мәскеудің қатысынсыз, әріптестіктің жаңа форматын құруға тырысты.

Қытайдың өкілетті тұлғалары Орталық Азия басшыларымен виртуал кездесулер өткізіп келген. Мамырдағы саммитте Си Цзиньпин өңір елдерінің президенттерімен жеке кездеседі.

Бұл саммит Украинадағы соғысқа байланысты Ресейдің ықпалы азайып, Қытайдың рөлі күшейгенін көрсетсе де, Темір Омаров "Мәскеу мен Пекин Орталық Азияда бәсекелес емес" дейді.

– Мәскеуді қорлауға талпыныс көріп отырған жоқпын. Қытай Ресейді аймақтан ығыстырғысы не оның орнын басқысы келмейді. Пекин Мәскеумен қарым-қатынасын жақсы жолға қоюға тырысып жатыр. Бұл Қытайдың сыртқы саяси мүдделеріне сәйкес келеді, – дейді сарапшы.

21 наурызда Мәскеудегі кездесуден кейін жарияланған мәлімдемеде Си Цзиньпин мен Путин Орталық Азияда ортақ мүддесі барын, өңір мемлекеттерінің тәуелсіздігін сақтап, оларды сыртқы күштердің ықпалынан және түрлі-түсті революциялардан қорғау үшін бірлесіп жұмыс істейтінін айтты.

Пекин мен Мәскеу Батыс елдері туралы сөз болғанда, түрлі-түсті революция туралы айтқанды жақсы көреді. 2022 жылы қаңтарда Қазақстанда бейбіт наразылықтан басталып, жаппай тәртіпсіздікке ұласқан Қаңтар оқиғасы туралы айтқанда да, Си Цзиньпин осы терминді қолданған.

Орталық Азиядағы болашақ дағдарыстардың алдын алуға келгенде Пекин саясат пен қауіпсіздік саласындағы негізгі рөлді Мәскеуге беріп отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға сапарлаған Қытай басшысы Си Цзиньпинді әуежайдан қарсы алып тұр. 14 наурыз 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға сапарлаған Қытай басшысы Си Цзиньпинді әуежайдан қарсы алып тұр. 14 наурыз 2022 жыл.

Фростбург мемлекеттік университетінің профессоры, Қытай мен Ресейдің Оңтүстік және Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын зерттеумен айналысатын Хайюн Ма "Украинада соғыс басталғалы Орталық Азия елдері Мәскеуден іргесін аулақ салуға тырысып жатыр" дейді.

– Орталық Азия елдері Ресейдің саяси және әскери қысымына қарағанда, Қытайдың бейбіт экономикалық даму моделін дұрыс көретін сияқты, – дейді ол.

Бұл жағдай Қытайға жаңа мүмкіндіктер ашты. АҚШ-пен бәсеке артқан тұста Пекин батыс шекарасындағы ықпалын күшейткісі келеді.

Биыл Си Цзиньпин әлем елдерінің басшыларына арнап, Қытайдың инвестициялық бастамасы – "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясындағы үшінші халықаралық форумын өткізеді. Бұл форумда Оңтүстік және Орталық Азияға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Қытай мен Ресей "Бір белдеу – бір жол" жобасы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында байланыс табуға тырысып жатыр. Мәселен, Пекин Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолының құрылысына қаржы бөлуге келісті.

– Орталық Азия елдері Қытай мен Ресейдің қарым-қатынасын демін ішке тартып, бақылап отыр. Бір жағынан, Пекин мен Мәскеудің экономикадан басқа салаларда тым жақын болуы – жақсы жаңалық емес. Екінші жағынан, Қытайдың Орталық Азия мен Ресейге арналған экономикалық жоспары тартымды көрінеді, – дейді Ма.

Украинада соғыс басталғалы Ресей біршама әлсіреп, өңір мемлекеттері өз қауіпсіздігі үшін алаңдай бастады. Бірақ Орталық Азия Батыс санкцияларының астында қалған Ресейдің жағдайынан пайда да тауып үлгерді.

Дүниежүзілік банк дерегінше, Орталық Азия тұрғындарының көбі әлі де Ресейде жұмыс істейді. Олардың елде қалған туыстарына жіберетін ақша аударымдары соғыс басталғалы артпаса, кемімеген.

2022 жылғы ақпаннан бері Ресей мен Орталық Азия елдерінің, әсіресе, Қырғызстанмен және Өзбекстанмен арада сауда айналымы артқан. Өйткені Ресейге Еуропадан келетін импорттың орнын толтырып, өз тауарын шетелге сату қажет болды.

– Орталық Азия елдері үшін Қытай мен Ресейдің маңызы зор. Олар Еуразиядағы екі үлкен державамен қарым-қатынасын бәске тіге алмайды. Осының салдарынан өңірде Батыс елдерінің рөлі күрт азаюы мүмкін, – дейді Омаров.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG