Accessibility links

Алматыда мәжіліс пен мәслихатқа өте алмаған 21 кандидат прокуратураға арыз жазды


Сайлау нәтижесіне байланысты прокуратураға шағым түсірген белсенділер мен қала тұрғындары. Алматы, 29 наурыз, 2023 жыл.
Сайлау нәтижесіне байланысты прокуратураға шағым түсірген белсенділер мен қала тұрғындары. Алматы, 29 наурыз, 2023 жыл.

Алматыда мәжіліс пен мәслихат сайлауына бірмандатты округтерден қатысқан 21 кандидат 29 наурызда прокуратураға ұжымдық шағым түсірді. Олар сайлау кезіндегі заңсыздықтар тексерілсін, заң бұзғандар қылмыстық жауапқа тартылсын деген талап қойды.

Ұжымдық шағымға 20 кандидат қол қойған. Наразы кандидаттың кейбірі Орталық сайлау комиссиясы депутаттыққа үміткерлерді алалады деп есептейді.

– Басында бәрімізге мектептерге кіріп, үгіт-насихат жасауға тең мүмкіндік берілген. Алайда көп жерге мені кіргізбеді. Өз ауданымдағы әр үйге кіріп шықтым, бірақ халықты жинап, сайлауалды бағдарламамды таныстыру қиын болды, – деді Алматы мәслихаты депутаттығына кандидат болған Олжас Әбілқайыр.

Шағымға қол қойғандар арасында үгіт-насихат үшін мемлекет беретін қаржыны әлі де ала алмай жүргендер де болды.

– Мемлекет үгіт-насихатқа 300 мың теңге көлемінде қаржы бөлген. Мен [соны есептеп,] Royal Petrol [жанармай құю бекетімен] 1110 литр жанармай алатын болып, келісімшарт жасастым. Талон дайын тұрды, ақша төленсе, аласың деді. Бірақ ақша аударылған жоқ. [Сайлауда] теңдік болған жоқ. Үміткерлерге теңдей жағдай жасалуы керек. Сайлау заңы бұзылып отыр, – деді Алматы облысындағы №12 бірмандатты округтен сайлауға түскен кандидат Мейірхан Әбдіманапов.

20 адам қол қойған шағымда кандидаттар заңбұзушылыққа жол берген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті жауапқа тартуды талап еткен.

Олармен бірге Алматыдағы №4 бірмандатты округтен сайлауға түскен кандидат Санжар Боқаев үш учаскенің үстінен шағымданды. Ол сайлау комиссиялары дауыс санын бұрмалады деп есептейді.

– Менің қолымда 202 учаскенің 192 хаттамасы бар. Сондағы дауысты Google кестесімен де, Excel-мен де, қолмен де санадық. Нәтижесінде мен жеңіп тұрмын. Ал Орталық сайлау комиссиясы басқа адамды жеңді деп, [билікке] ыңғайлы адамды өткізді. Біз ондайға келіспейміз, – деді бұрынғы кандидат Азаттыққа.

Боқаевтың 20 наурызда Алматы әкімшілік сотына жазған талабы орындалмаған. Аппеляциялық сот та комиссия төрағасының жауабына сүйеніп, "дауыс беру заң шеңберінде өтті" деген шешім шығарған.

Алматы қалалық прокуратурасы бұрынғы кандидаттардың шағымын қабылдап, "заңда белгіленген мерзімде жауап береміз" деді.

Белсенділер прокуратура алдында наразылық білдіріп, пікірін айтып тұрған кезде оларды жолдың ар жағынан бірнеше полиция қызметкері бақылап тұрды.

19 наурызда Алматыдағы 256 учаскені бақылаған "Қазақстан жастар ақпараттық қызметі" қоғамдық қорының есебінше де, №4 бірмандатты округте дауыс саны бұрмаланған.

"Біздің қолымызға түскен хаттамалар бойынша, төртінші округте кандидат Санжар Боқаев көш бастап тұр. Ал ресми деректе басқа кандидат жеңді" деген ұйым төрағасы Ирина Медникова 28 наурызда.

Ол Орталық сайлау комиссиясынан осы жағдайға түсініктеме беруін, болмаса, дауысты қайта санап немесе төртінші округте дауыс беруді қайта өткізуін сұраған.

Санжар Боқаевтың сайлау комиссияларына жазған шағымына әлі жауап келмеген.

Кезектен тыс сайлауға өз-өзін ұсынып, мәжіліс пен мәслихатқа өтпей қалған кандидаттар дауыс беру кезінде заң бұзылғанын айтып, сайлау нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді. Елдің кемі төрт өңірінде: Алматыда, Астанада, Шымкентте, Оралда сайлауға түскен үміткерлер сайлау нәтижесін жоюды, дауыс беруді қайта өткізуді талап еткен.

24 наурызда Алматыда депутаттыққа үміткер азаматтар мен олардың сенімді өкілдері, қоғам белсенділері жиын өткізіп, "халық парламенті" құрылғанын жариялады.

Бұған дейін Бас прокуратура сайлау күні заңбұзушылықтар болғанын мойындағанымен, "бұл фактілер сайлау қорытындысына әсер етпеді" деп мәлімдеген.

Қазақстандағы кезектен тыс мәжіліс пен мәслихат сайлауының нәтижесінде парламентке алты саяси партия өтті. Мәжіліске 98 депутаттың 29-ы бірмандатты округтер арқылы сайланды. 40 орын "Аманат" партиясының өкілдеріне тиді. Бірмандатты округтер бойынша өткен 29 кандидаттың 22-сі – "Аманат" партиясының өкілі.

Сайлауды бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы дауыс санау процесіне алаңдаушылық білдірген. Елдегі тәуелсіз бақылаушылар да сайлауда заңбұзушылық көп тіркелгенін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG