Accessibility links

Ақмола облысында шахтерлер екі күннен бері наразылық білдіріп жатыр


Қысқару жөнінде істеген шахтерлер кеңсеге қарай кетіп барады. Ақмола облысы Бестөбе ауылы. 29 наурыз. 2023 жыл.
Қысқару жөнінде істеген шахтерлер кеңсеге қарай кетіп барады. Ақмола облысы Бестөбе ауылы. 29 наурыз. 2023 жыл.

Ақмола облысы Бестөбе ауылында жүздеген шахтер екі күннен бері наразылық білдіріп жатыр. 1 наурыздан бастап "Алтыналмас" компаниясы 76 адамды бос тұрып қалғанына байланысты демалысқа жіберген, жазда тағы 84 адам жұмысынан айырылады. Ауылдағы негізгі жұмыс беруші компанияның мұндай шешіміне шахтерлер наразы.

30 наурызда наразылыққа жиылған жұмысшылардың қатары екі есе көбейді. Олар жұмыс орнын сақтап, шахталардағы суды сорғызуды, кен орны жаңа инвесторға өткенге дейін жұмысшыларға орташа жалақы төлеуді талап етті.

Жуырда шахтерлер жұмыстан қысқаратыны жайлы ескерту-хат алған. Олар шешімге көнбей жатыр.

– Біз шахталардан суды сорғызып, бәрімізді жұмыс орнында қалдыруды, жалақы төлеуді тоқтатпауды талап етеміз. Жұрт оқиғалардан әбден мезі болды. 1000-нан астам адам жұмыссыз қалды. Біз себебін түсінбей отырмыз. Олар мәселені шешсін деп екі жыл күттік, бірақ шахталарды суға батырып жатыр. Осылайша олар жұртты алтынды ашық әдіспен өндіруге келістірейін деп жатқан сияқты, – деді кеншілердің бірі Азаттыққа.

Жұмысшылар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарата видеомәлімдеме жасап, ауылға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен "Алтыналмас" компаниясының басшылары келсін деген талап айтты.

30 наурызда кешкі мезгілде жұмысшылар Азаттыққа облыс әкімі келмегенін айтты. Бейсенбі күні болған келіссөзге облыс әкімінің орынбасары мен компания өкілі қатысқан. Кеншілер мәселені шеше алатын өкілеті бар адам келмейінше тарқамайтынын ескертті.

Бестөбедегі мәдениет үйінде билік және компания өкілдерін күтіп отырған шахтерлер. 30 наурыз, 2023 жыл.
Бестөбедегі мәдениет үйінде билік және компания өкілдерін күтіп отырған шахтерлер. 30 наурыз, 2023 жыл.

Жуырда жұмысшылармен кен орнының директоры кездескен. Ол кеншілерге еңбек келісімшартын бұзу туралы ескерту-хатқа қол қоймаған жағдайда одан бас тартқаны жөнінде акт толтырылатынын айтқан. Келіспегендерге сотқа жүгінуге кеңес берген. Ол сонымен бірге кей қызметкерлерді 2017 жылдан бері істейтін басқа фабрикаға жұмысқа шақырған.

"Алтыналмас" компаниясы Азаттыққа жұмысшыларға қысқаратыны жөнінде ескерту-хат бергенін растады. Компания өкілдерінің айтуынша, штатты қысқарту – компанияның Бестөбедегі қызметін аяқтау кезеңдерінің бірі.

– Жалпы алғанда, 1013 адамға жұмыстан қысқаратыны жөнінде ескерту-хат берілді. Заңнамаға сәйкес, қысқаруға ұшыраған жұмысшыларға жұмыста бос тұрып қалғаны үшін төлем, демалыс өтемақысы, қысқаруға байланысты бір айлық орташа жалақы төленеді. "Алтыналмас" бос тұрып қалған жұмысшыларға тұрақты жұмыс табуға көмектеседі. Алайда жұмысшылар ұсыныстарды самарқау қабылдап жатыр. Осы уақыт бойы кен орнының бұрынғы 40 жұмысшысы ғана ұсынысты қабылдады, олар қайта оқытылып, еңбек етіп жатыр, – деді "Алтыналмас" өкілдері Азаттыққа.

Бестөбе кен орнындағы жұмыс 2021 жылы шілдеден бастап тоқтаған. 1200 адам жұмыссыз бос тұрып қалған, кейбірі өзге жұмысқа орналасқан. Шахталар суға толтырылып жатыр. Компания өкілдері суды шахтадан басқа еш жерге төге алмайтынын айтады. Ал жұмысшылар "компания мұны әдейі істеп отыр, осылайша жұмысшыларды алтынды ашық әдіспен өндіруге көндіргісі келеді" деді. Жұмыссыз бос тұрып қалған жұмысшыларға бастапқыда орташа жалақы төленген, бірақ қаңтардан бері жалақы тым азайып кеткен.

XS
SM
MD
LG