Accessibility links

Петропавлда "халық кеңесі" құрылғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін полиция тексеріс бастады


Бейтарап сурет.
Бейтарап сурет.

Желіде Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының "халық кеңесі құрылғаны" жөнінде видео тараған соң, Солтүстік Қазақстан облысы полициясы тексеріс басталғанын хабарлады.

Желіде жарияланған видеода өздерін "Петропавл қаласының еңбекші тұрғындары" деп таныстырған топ "басқару жүйесіне сенімсіздік білдіреді". Топ өкілдерінің түсіндіруінше, бұған "Қазақстан Республикасы корпорациясының" "жалған құқықтық негізі" түрткі болған. Олар елде халыққа жағдай жасалмағанын да алға тартқан.

"Біз, халық, өзіміздің тәуелсіздігімізді, егемендігімізді жариялаймыз" деді топ өкілдері. Өзге жайттардан бөлек, бұл адамдар "мызғымас егемен Қазақ ССР аумақтық тұтастығы" туралы да айтады.

Топ Instagram-парақшасында "Информ Вест" басылымының атрибуты бар хабарламаның көшірмесін жариялаған. Онда 19 наурызда Петропавлда "еңбекшілердің жиыны" өтіп, онда "қалалық халық кеңесі қайта құрылғаны" жазылған. Жиында "төраға" сайланып, "декларация", "жарғы", "таңба мен мөр" жобасы бекітілген. Шешім "хаттамамен" бекітілген. Жиынға 19 адам қатысқан деп айтылады, бірақ аты-жөні көрсетілмеген.

"Халық кеңесі" туралы ақпарат елде парламент сайлауының нәтижесі сыналып жатқан шақта жарияланды. Елдің бірнеше қаласында мәжіліске не мәслихатқа өтпей қалған кандидаттар мен белсенділер сайлау нәтижесіне келіспейтінін мәлімдеп, даулайтынын айтқан. "Халық кеңесі" туралы жазбалар жергілікті телеграм-арналарда қызу талқылана бастаған. Кейбір қолданушылар топтың әрекетін "сепаратизмге шақыру" деп бағалады.

31 наурызда мәжіліс депутаты Абзал Құспан желідегі парақшасында "Петропавлдағы жағдай туралы бас прокурордың атына хат дайындап жатқанын" айтты.

Ал "халық кеңесі" жергілікті пабликтердегі ақпарат "контекстен жұлынып", бұрмаланғанын айтты. Топ өкілдері Қазақстанның тұтастығына қол сұқпағанын, өзге елдердегі тыйым салынған қауымдастықтарға қатысы жоғын айтты.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті 30 наурызда кешке ҚазТАГ агенттігіне осы жайтқа қатысты тексеріс басталғанын хабарлаған.

"Ақпарат Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде тіркелген, жедел тергеу шаралары жүріп жатыр". ҰҚК мен Бас прокуратура ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

XS
SM
MD
LG