Accessibility links

WP: Қырым соғыс аймағындағы "бекінісі барынша күшейген аумаққа" айналды


Укринадағы окоп.
Укринадағы окоп.

Кейінгі бірнеше аптада Ресей билігі аннексияланған Қырымда қорғанысты барынша нығайтып жатыр. Maxar компаниясының спутник суреттеріне сүйенген The Washington Post журналистері осындай қорытындыға келген.

Басылым Қырым түбегін соғыс аймағындағы "бекінісі неғұрлым күшейтілген аумақ" қатарына жатқызған. Бірақ Қырым қазір майдан шебінен алыста жатыр.

Газет Қырым түбегінен құрлыққа өтер тұста жатқан Медведевка селосының фотосуретін жариялаған. 11 ақпанда түсірілген суретте Сиваш көлі жағасында кейбірі 900 метрге дейін жететін бірнеше қатар окоп қазылғаны көрінеді. Танкіге қарсы бетондар да үш қатар орналастырылған.

Басылым материалында кейінгі апталарда мұндай құрылыс қызу жүріп жатқаны айтылған. Қырымның Саак ауданындағы Витино селосының 27 ақпанда түсірілген фотосуретінде жағалау бос жатқаны байқалады. Алайда 12 наурыздағы фотодан теңіз жағасында окоп күрт көбейгені көрінеді. Суреттердің бірінде окоп ішінде зеңбірек тұр.

Наурыздың бас кезінде Қырымның Ресей тағайындаған басшысы Сергей Аксёнов түбекте қорғаныс окоптары жаппай қазылып жатқанын айтқан. Бұрын Кремль оны теріске шығарған.

Бірқатар сарапшылар көктемде Украина қарулы күштері шабуылға шығуы мүмкін, ондай жағдайда негізгі нысана Қырымды құрлықпен жалғайтын жол болады деп болжаған. Херсон мен Запорожье облыстары арқылы Қырымға апаратын жолды әзірге Ресей әскері бақылап тұр. Киев Қырымға шабуыл жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Алайда The Washington Post сұрау салған сарапшылар Украина әскері Қырымға шабуыл жасайды дегенге сеніңкіремейді.

АҚШ-тың әскери-теңіз орталығының Ресей бағдарламасы бойынша директоры Майкл Кофманның пікірінше, Украинаның Қырымды "классикалық мағынада" басып алу жөнінде шешім қабылдай қоюы екіталай, бірақ түбектің әуе кеңестігін атыс қарулары арқылы бақылап, ұдайы қысым жасау жолын таңдауы ықтимал.

"Уақыт өте келе бұл қысым Қырымның шыдамын тауысуы, соның салдарынан Ресей Қырымның статусы жөнінде келіссөзге баруы мүмкін" дейді Кофман.

"Украина қазірдің өзінде осындай стратегияны байқап көріп отыр" дейді басылым. "АҚШ-тың ACLED жобасының мәліметіне қарағанда, былтырғы тамыздан бері түбек маңы мен Қырымдағы Ресей нысандарына Украина 70-тен аса соққы жасаған, дрон да қолданған. Кейде мұны Қырым жерінен жасалған диверсия ретінде көруге болады. Кейбірі Ресейге айтарлықтай шығын келтірді" деп жазады The Washington Post.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG