Пекин Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдамайды, Мәскеуге әскери көмек бермейді, Ресей аннексиялап алған Қырым, Донбасс және өзге де аумақтарды Ресей жері деп мойындамайды. Қытайдың Еуроодақтағы елшісі Фу Цун The New York Times басылымына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Цунның айтуынша, былтыр Ресей Украинаға басып кірмей тұрған кезде жасалған Мәскеу мен Пекиннің "шексіз достығы" туралы мәлімдемесі дұрыс тәпсірленіп жатқан жоқ. "Шексіз [достық] – бар болғаны риторика" деді қытай дипломаты.
Оның сөзінше, Қытай Ресейдің көрші елге басып кіруін айыптаған жоқ, себебі оның НАТО-дан қорғанып отырғанын түсінеді. "Шынайы себептері [Батыс жетекшілері айтып отырғаннан] әлдеқайда күрделі" деді дипломат.
NYT басылымы қытай елшісінің мәлімдемесін Пекинді Мәскеуден алшақтату талпынысы ретінде сипаттаған.
Қытай елшісінің сұхбатына түсініктеме берген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей билігі биыл наурызда Мәскеуде болған Путин мен Си Цзиньпин арасындағы кездесудің "мазмұны мен сипатын" басшылыққа алады деді.
"Өзара түсіністік туралы барлық нәрсе екі құжатта көрсетілген, Ресей-Қытай келіссөзінің нәтижесінде қабылданып, қол қойылған екі мәлімдемеде тұр. Олар өте мазмұнды. Екі елдің күн тәртібінде тұрған ортақ мәселелер сонда толық қамтылған" деді Песков.
Қытай басшысы 20-22 наурыз күндері Мәскеуде болған. Кремльдің хабарлауынша, кездесу нәтижесінде Владимир Путин мен Си Цзиньпин стратегиялық ынтымақтастық және экономикалық әріптестік туралы екі ортақ мәлімдемеге және өзге құжаттарға қол қойған.
Келіссөзден кейін өткен баспасөз мәслихатында Путин Қытайдың Украинадағы жағдайды бейбіт реттеу туралы ұсынысын атап өтіп, "Батыс пен Киев дайын болған жағдайда" қақтығысты сол бастама негізінде реттеуге болады деп мәлімдеген. Ал Си Цзиньпин Қытай Украинадағы соғысқа қатысты ұстанымынан айнымайды және бейбітшілік пен диалогты қолдайды деген.
5 сәуірде Пекинге Франция басшысы Эмманюэль Макрон барған. 6 сәуірде Қытайға барғанын Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен де хабарлады. Батыс баспасөзінің жазуынша, олар Си Цзиньпинді Ресейге басқыншылық жасауға көмектеспеуге көндіруге тырыспақ. Ұлыбританияның BBC ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Пекинде санкцияға байланысты оқшауланып, Қытай экономикасына тәуелділігі артып бара жатқан Ресейге ықпал ете алатын жаңа тетіктер пайда болған.