Цензура саласындағы әріптестікті 2017 және 2019 жылдары Қытайдың елдегі интернетті реттеуші — Киберкеңістік басқармасы мен Ресей интернетін қорғауға жауапты агенттік — Роскомнадзордың өкілетті тұлғалары арасында өткен жабық кездесу жазбалары (кездесу хаттамалары, почтадағы хаттар мен аудиожазбалар) дәлелдейді. Бұл деректерді Азаттық радиосы мен "Настоящее время" телеарнасының "Система" дейтін тергеу бөліміне құпия құжаттармен жұмыс істеген ақпарат көзі жіберген. Ал құпия ақпараттарды жариялаумен айналысатын DDoSecrets тобы осы құжаттарды іріктеуге қолайлы бағдарлама жасап шығарды.
Аталған құжаттарға қарағанда, 2013 жылы Си Цзиньпин Мәскеуге бірінші рет ресми сапар жасаған сәттен бастап Пекин мен Мәскеу интернет цензурасы саласындағы әріптестігін нығайтып, кейінгі 10 жылда біраз тәжірибе алмасқан. Мәселен, Ресей цензураны айналып өтуге мүмкіндік беретін VPN және Tor сияқты жүйелердің жұмысын бұзу мәселесі бойынша Қытаймен кеңеседі. Ал Пекин ақпарат құралдарының қызметін реттеу және қоғамдық наразылыққа қарсы күресте Мәскеуден үлгі алады.
Ресей мен Қытай арасындағы байланыс 2016 жылы қарқын алған. Осы жылы Кремльмен және Орыс православ шіркеуімен тығыз байланысты ресейлік олигарх Константин Малофеев қаржыландыратын "Қауіпсіз интернет лигасы" лоббистік тобы қытайлық делегацияның қатысуымен Мәскеуде конференция өткізген. Осыдан кейін қос тараптың кездесуі жиіледі.
Азаттық қолындағы материалдарға қарағанда, Қытай мен Ресей делегациялары арасындағы алғашқы кездесу 2017 жылы 4 шілдеде өткен. Сол кездегі Роскомнадзор басшысы Александр Жаров Ресейдегі тыйым салынған контенттің 95 пайызы шетелде өндірілетінін айтып, Қытайдың Киберкеңістік басқармасы басшысының орынбасары Жэнь Сяньлиннен ресейлік мамандарды Қытайға жіберіп, қытайлық "Алтын қалқан" интернет-цензура жүйесінің қызметімен жақынырақ таныстыруды сұрайды.
Жарияланған құжаттарда кездесу қорытындысы туралы ақпарат жоқ. Азаттық Қытайдың сыртқы істер министрлігі мен Роскомнадзорға хат жолдап, кездесуде талқыланған мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Бірақ редакция хаты жауапсыз қалды.
2017 жылы делегациялар Ресей-Қытай медиафорумында қайта кездескен. Қытай Ресейдің онлайн талқылауларды қалай бақылайтынын, белгілі бір тұлғаға ел ішінде және шетелде жақсы имидж қалыптастыру жолдарын білгісі келген. Жаров имиджді бақылау Роскомнадзордың құзыретіне кірмейтінін, бұл мәселені Путиннің әкімшілігімен талқылау керегін айтқан.
Қытай делегациясы 2017 жылы наурызда Ресейдің сол кездегі премьер-министрі Дмитрий Медведевтің заңсыз жолмен байығаны туралы деректі фильмнен кейін ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың ұйымдастыруымен өткен митингілер кезінде Роскомнадзор ақпарат таратуды бақылау үшін қандай құралдар қолданғанын сұрайды. Жаров Ресейдің көп қаласындағы митинг биліктің рұқсатымен өткенін, ел ішінде Путинді қолдау деңгейі жоғары болғанын, сондықтан ақпарат аса қатты шектелмегенін айтады. Ол сондай-ақ "ресейліктер Навальныйдың жемқорлық туралы фильміне қатты қызыға қоймады" дейді.
Роскомнадзор басшысы қытайлық әріптестеріне бұрмаланған ақпарат беріп, Путиннің беделін асыра көрсеткен. Ресейдегі қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, митинг кезінде Путинге сенетіндердің үлесі 49,9 пайызға дейін түсіп кеткен. Зерттеу Навальныйдың фильмі елде төрт ай бойы қызу талқыланғанын көрсетеді.
Ресей көп жыл бойы интернетті бұғаттауға тырысып келеді. 2018 жылы биліктің Telegram желісінің қызметін шектеуге талпынысы сәтсіз аяқталды. 2019 жылы Ресейде тәуелсіз интернет туралы заң қабылданды. Бұл интернетке бақылауды одан әрі күшейтті.
Осы жылы маусымда Қытай басшысы Мәскеуге барып, Си Цзиньпин мен Путин ақпарат саласында "жан-жақты стратегиялық әріптестік" басталғанын хабарлады. Олар ақпарат саласы мен киберкеңістікті басқаруда ғаламдық тәртіп орнатуға уәде берді.
Қос мемлекет бір-біріне авторитар жүйеге ұнамсыз ақпараттарды бұғаттауға да көмектеседі. Мәселен, Қытайдың өкілетті тұлғалары ресейлік әріптестеріне жазған хатында BBC-дің Қытайдағы "әжетхана революциясы" жөніндегі материалын, Си Цзиньпин арқасынан жарақат алды деген блог-жазбаны, Github cайтының Қытайдағы цензураны айналып өту жолдары туралы нұсқаулығын бұғаттауды сұрайды.
Ресейлік әріптестерге жіберілген хаттар арасында Қытайда қудалауға ұшыраған Фалуньгун діни қозғалысының Epoch Time газетін, "ВКонтакте" желісіндегі сілтемелерді және бір қолданушы бөліскен ұйғыр жұбының билеген видеосын бұғаттау туралы өтініш бар.
Қытай Шыңжаң өңірінде тұратын ұйғыр және басқа да мұсылман халықтарын жаппай қудалап, қайта тәрбиелеу лагерьлеріне жіберді деген материалдар мен куәгерлер сөзіне қарамастан, Пекин адам құқықтарын бұзғанын жоққа шығарады. Батыс елдері мұны "геноцид" деп сипаттайды.
Тағы бір хатта Пекин Ресейден қытайлық студенттің "ВКонтакте" желісінде бөліскен CBS арнасының Қытайдың бұрынғы басшысы Цзян Цзэминьмен сұхбатын өшіруді сұрайды. Сұхбатта адам құқықтары, бірпартиялы басқару жүйесі, дін еркіндігі және Америкамен қарым-қатынас туралы сөз қозғалады.
Азаттық Роскомнадзор Қытайдың өтініштеріне қалай жауап бергенін білмейді. Бірақ зерттеу жарияланған кезде жоғарыда аталған материалдар Ресей аумағында әлі де ашылып тұрғанын ескертеді.
"Ресей мен Қытай арасында осындай жоғары деңгейдегі келіссөздер бұрыннан жүріп келеді. Екі ел интернетті бақылау саласында бір-бірімен тәжірибе, нәтижелі механизмдер алмасып отырады. Бұл Қытайдың өз ішіндегі әдістердің сыртта да кең қолданыла бастағанын көрсетеді және қос мемлекет әріптестігі қайда бара жатқанынан хабар береді" дейді Маршалл қорының ғылыми қызметкері, "Шектеусіз: Қытайдың Батысқа қарсы соғысының ішкі тарихы" кітабының авторы Эндрю Смолл.
Роскомнадзор мен Қытай киберәкімшілігі де, екі елдің елшіліктері де "Система" жобасының сұрақтарына жауап бермеді.
ПІКІРЛЕР