Accessibility links

Жаңаөзенде тұрақты жұмыс талап еткен тұрғындар әкімдік алдында қонып шықты


Тұрақты жұмыс сұрап, Жаңаөзен қалалық әкімдігі алдында тұрған халық. 7 сәуірге қараған түн, 2023 жыл.
Тұрақты жұмыс сұрап, Жаңаөзен қалалық әкімдігі алдында тұрған халық. 7 сәуірге қараған түн, 2023 жыл.

Жаңаөзен қаласында тұрақты жұмыс талап еткен тұрғындардың наразылығы жалғасып жатыр. 7 сәуірге қараған түні жиналғандар қала әкімдігі алдында қонып шықты. Полиция шара "заңсыз" екенін ескертті. Жиналғандар акция жөнінде билікке ескерту жасағанын, заң бұзбағанын айтты.

"Біздің бір ғана талабымыз бар – жұмыс. Бізге жұмыс бермейінше, осында тұрамыз. Ештеңе шешілмесе, жиналғандар аштық жариялауға да дайын" деді акцияға қатысушылардың бірі видеомәлімдемеде.

Әкімдік алдында түнде 10 шақты адам қонған деп айтылады.

7 сәуірде күндіз наразылардың бірі өздеріне қысым күшейгенін, полицейлер адамдарды әкімдік алдынан қуып жатқанын хабарлады. Тұрғындар жіберген видеоларда әкімдік алдында полиция көлігі тұрғаны, полиция қызметкерлері жүргені көрінеді.

Жаңаөзен полициясы әзірше оқиғаға түсініктеме берген жоқ.

Қазір Жаңаөзенде екі жерде наразылық болып жатыр. Бірі әкімдік алдында: жергілікті тұрғындар өздері мен отбасы мүшелерін тұрақты жұмысқа орналастыруды талап етіп отыр.

Екіншісі – 4 сәуірде басталған "Өзенмұнайгаз" компаниясы алдындағы наразылық.

"Өзенмұнайгазға" еншілес "БерӘлі Маңғыстау Company" мекемесінде істейтін 100-ден астам мұнайшы 1 сәуірден бастап жұмыссыз қалғанын айтып, тұрақты жұмыс талап етіп келеді.

"Өзенмұнайгаз" компаниясының құрамына 16 өндірістік мекеме кіреді. Компанияның ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, кәсіпорында 9 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Компания Өзен және Қарамандыбас кеніштерін игерумен айналысады.

2021 жылы жазда және күзде "Кезби" компаниясының жұмысшылары бірнеше рет ереуіл жасап, жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен. 2023 жылы мамырда 26 жұмысшы Астанаға барып, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен "ҚазМұнайГаз" компаниясы ғимараттарының алдында екі апта қонған. Жұмысшылардың бір бөлігі жұмыстан шығарылып, тамызда "БерӘлі Маңғыстау Company" мекемесіне жұмысқа орналасқан.

XS
SM
MD
LG