Түркістан облысы Төле би ауданында "мектеп оқушысы өзінен төменгі сынып оқушысына жыныстық сипатта зорлық-зомбылық жасады" деген ақпарат тарады. Бұл жөнінде "Не молчи" қорының төрайымы Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы хабарлады.
Дина Таңсәрінің хабарына қарағанда, жәбірленушінің анасы сол мектепте жұмыс істеген. Мектеп әкімшілігі үйіне келіп, арызданбауды өтінген соң, ауылынан кетіп қалуға мәжбүр болған.
"Полиция бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, сараптамаға жіберген, бірақ ауыл тұрғындары "зорлық-зомбылық жасаған" оқушының туысы дәрігер болып жұмыс істейтіндіктен, сараптама бұрамалануы мүмкін деп қауіптенеді" деп жазды Дина Таңсәрі.
Түркістан облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Гүлжан Вероцкая бұл істі бақылауына алғанын хабарлады. Уәкілдің айтуынша, оқушы мен оның анасы Шымкент қаласында қайда тоқтағаны белгісіз.
Мектеп оқушысы зорлық-зомбылық көргені жөнінде оның ата-анасынан арыз түскенін Түркістан облыстық полиция департаменті растады. Полицияның Азаттыққа хабарлауынша, 29 наурызда Төле би аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арыз түсірген, сол бойынша Қылмыстық кодекстің "сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бабымен (121-бап) қылмыстық іс қозғалған. Оқиға орнына жедел тергеу тобы барған, тиісті сараптама тағайындалған.
Өткен аптада Шығыс Қазақстан облысында оқушы қыз өзі қатарлы тағы бір қызды ұрып-соғып қорлағаны көрінетін видео және Қызылорда облысының Қазалы ауданында мектеп оқушысы соққыға жығылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде кең тараған.
ПІКІРЛЕР