Accessibility links

Оппозициядағы саясаткер Жанболат Мамайға 6 жыл шартты жаза кесілді


Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталған оппзициядағы саясаткер Жанболат Мамайға сот алты жыл шартты жазаға кесті. Сот үкімі бүгін, 10 сәуірде шықты.

Шартты жазадан бөлек, сот Жанболат Мамайдың қоғамдық-саяси іспен, журналистикамен айналысуына, әлеуметтік желі арқылы хабар таратуына, партия, қоғамдық ұйым құруына да алты жылға тыйым салды. Сонымен қатар ол жәбірленуші тарап – Алматы қаласы әкімдігіне 600 мың теңге көлемінде метериалдық шығын өтеуге міндетті.

Жанболат Мамайға "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "билік өкілін қорлады", "жалған ақпарат таратты" деген айыптар тағылған.

Жанболат Мамай үкімге келіспейтінін және апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

– Кінәсіздігіме бұлтартпас айғақтармен дәлел келтірдік. Сотта ондаған куәгер менің тәртіпсіздікке шақырмағанымды толық растады. Сіз бұған қарамастан, осындай үкім шығарып отырсыз. Бұл үкімнің саяси астары бар. Мұндай үкімге келіспеймін, – деді Мамай судьяға қарата.

"Қазақстанның демократиялық партиясын" тіркей алмаған оппозициядағы саясаткер Жанболат Мамай былтыр ақпанда Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін ұсталған. 15 күн әкімшілік қамауға алынған Мамай ізінше тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған "жалған ақпарат тарату" және "билік өкілін қорлау" баптары бойынша айып тағылған.

Бірнеше айдан соң Жанболат Мамайға Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген тағы бір айып қосқан. Жанболат сол кезде "билік мені 4 қаңтарда "Алматы Арена" кешені маңындағы митингіні ұйымдастырды деп кінәлағысы келеді" деген еді. Мыңнан астам адам жиналған митингіні сол күні полиция күштеп таратқан. Жанболат Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, тәртіпсіздікке қатыспағанын айтқан. Айыптарды саяси қудалау деп атаған.

37 жастағы Жанболат Мамайға 2017 жылы қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтың "қылмыстық жолмен табылған қаржыны газет шығару арқылы заңдастыруға қатысты" деп айыппен үш жыл шартты жаза берілген. Ол кезде дүние-мүлкін тәркілеп, үш жыл журналистік қызметпен айналысу құқығынан айырған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Жанболат Мамайды бостандыққа шығаруды сұрап, Қазақстан билігіне бірнеше рет үндеу жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG