Былтыр Қаңтар оқиғасында Алматыдағы Республика алаңы маңында әскер оқ жаудырғаннан кейін көлігімен бірге өртеніп кеткен ерлі-зайыпты Қуат Біткембаев пен Гүлзипа Құлсұлтанованың қазасына байланысты тергеу тоқтады.
Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы оларды атқан жауынгерлер "қызмет өкілетін асыра пайдаланбаған" деген қорытынды шығарған.
Әскери-тергеу басқармасының қаулысында "48/386 әскери бөлімі жауынгерлерінің 2022 жылғы 7 қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік, антитеррористік операция мен төтенше жағдай кезіндегі әрекеті заңды" деп жазылған.
Блокпостыда тұрған жауынгерлер тергеу кезінде "көлік ескертуге тоқтамады, оқ атуға тура келді" деп жауап берген.
Марқұмдардың ұлы Дәурен Біткембаев тергеу нәтижесіне келіспейді
– Олардың алдын ала жарық қосып, ескерту жасап, әуеге оқ аттық дегені – бос сөз. Әкемнің бас сүйегінен өзім тауып алған қорғасынды сырттан атылған оқтың қорғасыны деп есептемеген. Сонда бұл оқ қайдан келген? Бір-екі рет доңғалағынан атуына болар еді ғой. Жоқ, олар көлікті әбден атқылаған. Мәшине шұрқ-тесік, 50 шақты оқтың ізін таптық, – дейді марқұмдардың ұлы Дәурен Біткембаев.
Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде, қаңтардың 6-сында 100-ден астам адам Республика алаңына бейбіт жиын өткізуге барған. Олар өздеріне күш қолданылар алдында "Қарапайым халықпыз. Біз – террорист емеспіз!!!" деген ірі жазуы бар ұзын плакат ұстап тұрған. Куәгерлердің айтуынша, алаңда тұрғандарға 6-сы күні күн бата оқ атылған.
Қаңтардың 7-сінде Алматы орталығында дүрбелең басылған. Ерлі-зайыпты Қуат Біткембаев пен Гүлзипа Құлсұлтанова сол күні кіші баласын пәтеріне жеткізіп тастап, көлігімен Республика алаңына жақын маңдағы үйіне қайтып бара жатқан.
Қуат Біткембаев бұрын әскери қызметте болған, жұбайы Гүлзипа Құлсұлтанова мұғалім болып жұмыс істеген. Олардың үш баласы, сегіз немересі бар. Ерлі-зайыпты 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде, 7 қаңтарда халыққа үндеуінде Қазақстанға "шетелде дайындалып келген террористер" мен "қарулы бандиттер" шабуылдағанын айтып, күш құрылымдарына "ескертусіз атып тастауды" бұйырғанын мәлімдеген. Ол жағдайды бейбіт келіссөз арқылы реттеуге үндегендерді сөккен. Содан 10 күн бұрын ғана ұлттық заңнамадан өлім жазасын жою туралы жарлыққа қол қойған Тоқаевтың "ескертусіз ату" жайлы сөзін Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдері, халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері сынға алған.
Ал 2022 жылғы 10 қаңтарда Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның (ҰҚШҰ) онлайн саммитінде Тоқаев "біз бейбіт шеруге шыққандарға ешқашан қару қолданған жоқпыз және қолданбаймыз да" деп мәлімдеген. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин 2022 жылы 7 ақпанда "Қасқа жол" YouTube-арнасында жарияланған сұхбатында "6 қаңтарда Алматыда бейбіт адамдарға үкімет күштері оқ атқан жоқ" деді.
ПІКІРЛЕР