Астанада ұсталған жаңаөзендік мұнайшыларға қолдау білдірген саясаткер Нұржан Әлтаевты сот "жұртты митингіге шақырып, бейбіт шаралар өткізу заңын бұзды" деген айыппен 15 күнге қамау туралы шешім шығарды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Нұржан Әлтаев әлеуметтік желіде видео жариялап, жұртты Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасына шақырған еді.
Бұл басқармада энергетика министрлігі алдында ұсталған жаңаөзендіктердің бір тобы отырған. Әлтаевтың өзі де осы басқармаға келіп, ұсталған мұнайшылардың жағдайын білмек болған еді.
Сот саясаткер жұртты полицияға шақырғанын "бейбіт митинг өткізу заңын бұзу" деп тапқан.
Әлтаев апелляциялық шағым түсірмек.
Ұсталған жаңаөзендіктер 12 сәуірге қараған түні босатылып, таңертең Астана Маңғыстау пойызымен Ақтауға жіберілді. Астанада олардың 10 өкілі ғана қалған.
"ҚазМұнайГаз" компаниясы 12 сәуірде таңертең "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының мұнайшыларымен бірге жұмыс тобы құрылғанын, алдағы уақытта мұнайшылардың талабы қаралатынын хабарлады.
ПІКІРЛЕР