Accessibility links

Мұхтар Тайжан 9 сәуірдегі "заңсыз митингіні ұйымдастырғаны" үшін 15 күнге қамалды


Белсенді, мәжіліс депутаттығына экс-кандидат Мұхтар Тайжан.
Белсенді, мәжіліс депутаттығына экс-кандидат Мұхтар Тайжан.

12 сәуірде Алматыда қоғам белсендісі, мәжіліс депутаттығына кандидат болған Мұхтар Тайжан әкімшілік жауапқа тартылып, 15 күнге қамалды. Сот оны "бейбіт митинг ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны" үшін айыпты деп таныған. Бұл ақпаратты соттың баспасөз қызметі хабарлады. Белсендіні айыптауға 9 сәуірде Алматыда биліктің келісімінсіз өткен митинг ілік болған сияқты.

Бұған дейін Тайжан бүгін таңертең үйіне полиция келгенін көпшілікке хабарлаған.

"Мені 9 сәуірдегі митингіге бола әкетпекші. 488-бап ("бейбіт жиындар туралы" заңды бұзу) бойынша. Уайымдамаңыздар, жауапкершілік алуға дайынмын" деп жазды Тайжан сәрсенбіде Facebook-тегі парақшасына.

Тайжан Қазақстанда биыл 19 наурызда кезектен тыс өткен парламент сайлауына бірмандатты сайлау округінен депутаттыққа кандидат ретінде қатысқан. Ол 9 сәуірде Алматыда сайлаудың ресми қорытындысына келіспейтіндердің митингісіне қатысқан. Ол шараға жергілікті билік келісім бермеген.

Сейсенбі күні Астанада энергетика министрлігі алдында үкіметке тұрақты жұмыс туралы талап қойып тұрған жаңаөзендік мұнайшыларды полиция күшпен көлікке тиеп, алып кеткен. Азаматтық қоғам өкілдері биліктің бұл ісін сынап, жаңаөзендіктерді босатуды, олардың көкейкесті мәселесін шешуді талап еткен.

Билік елде бірнеше белсендіні ұстағаны туралы ақпарат тарады.

Сәрсенбі күні таңертең Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында белгілі журналист, жақында өткен парламент сайлауына депутаттыққа кандидат ретінде қатысқан Лұқпан Ахмедияровты ұстаған. Ол да 9 сәуірде Оралда митингіге қатысқан еді.

12 сәуірде белсенді, парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаев 15 күнге әкімшілік қамауға алынды. Сейсенбі күні кешкісін полиция күш қолданып, жаңаөзендік мұнайшыларды министрлік алдынан алып кеткен соң, Әлтаев Астананың Алматы аудандық полиция басқармасында тұрып түсірген видеоны әлеуметтік желіде жариялаған. Жаңаөзендік мұнайшыларға қолдау көрсетуге үндеген видеосы үшін билік Әлтаевқа "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды", яғни "заңсыз митингіге шақырды" деген айып таққан.

12 сәуірде Алматыда бір топ белсенді жаңаөзендік мұнайшыларды қолдайтынын мәлімдеп, биліктен Мұхтар Тайжан мен Нұржан Әлтаевты бостауды талап етті.

9 сәуірде Алматыда Республика алаңындағы Тәуелсіздік ескерткіші алдында өздерін "Халық парламенті" деп атаған топ митинг өткізген еді. Сол жиында Мұхтар Тайжан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "әділетті Қазақстан" туралы уәдесін алдау деп атап, "бұл сөзіме биыл өткен сайлау дәлел" деп мәлімдеген.

19 наурызда елде кезектен тыс парламент пен жергілікті мәслихаттар сайлауына қатысқан, өзін өзі депутаттыққа кандидат етіп ұсынған кейбір адамдар "Халық парламенті" тобын құрған. Олар өздерін бәсекелесінен аз дауыс жинап, өте алмады деп көрсеткен сайлаудың ресми қорытындысына келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG