Accessibility links

Атырауда ауадағы күкіртсутектің мөлшері тағы шамадан асып кеткен


Атырауда бірнеше ауданға орнатылған ауаның ластануын тіркейтін бекеттер ауада күкіртсутек шамадан тыс көбейіп кеткенін тіркеді деп хабарлады "ҚазАқпарат".

Қарабау көшесіндегі бекет ауаның бір текшеметрінен 4 микрограмм күкіртсутек анықтаған. Бұл көрсеткіш облыс әкімдігі аумағында 2,3 микрограмм, Шығыс ықшамауданында 3,2 микрограмм болған.

Қаладағы түрлі ықшамауданда азот тотығы мен көміртегі оксидінің де шамадан тыс мөлшері тіркелген.

Өткен аптада Атырауда ауа құрамында күкіртсутек 20 есе көбейіп кеткені хабарланған еді.

Күкіртсутектің шамалы мөлшерімен тыныс алған адамның әдетте басы айналып, жүрегі айниды, егер көлемі одан да асып кетсе, адам есінен тануы мүмкін. Өкпесі қабынып, өліп қалуы ықтимал.

Сәуір басталғалы бері Атырауда сасық иіс тарап, қаланы түтін басқан еді. Шенеуніктер мұны қамыс өртінен көрген. 7 сәуірде өрт сөндірілген.

Алайда тұрғындар бұған өңірдегі кәсіпорындарды кінәлап, ауада күкіртсутек рұқсат етілген мөлшерден асып кеткенін айтқан.

Экология министрі Зүлфия Сүлейменова да әлеуметтік желіде қала тұрғындарының тұншығуына қамыс өрті емес, өнеркәсіп орындары кінәлі екенін жазған.

Ведомство экология заңнамасын бірнеше рет бұзғаны үшін Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметін тоқтатуға күш салатынын айтқан. Шенеуніктер бірінші сот инстанциясында жеңген. Алайда екінші инстанция бірінші шешімнің күшін жойған. Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытында тексеріс жүріп жатыр. Министрлік өкілдері зауыт тағы заң бұзса, сотқа шағым түсіріп, зауыттың жұмысын тоқтатуды талап ететінін айтқан.

XS
SM
MD
LG