Accessibility links

Transparency Kazakhstan "активтерді қайтару процесі тұралап қалды, онда ашықтық жоқ" деп мәлімдеді


Transparency Kazakhstan қорының сарапшылары елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару процесі тұралап қалғанына және онда ашықтық жоғына алаңдаушылық білдірді. Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттемелеріне сәйкес, халық шешім шығару процесіне қатысуға тиіс және қоғамға сол бойынша барлық ақпарат берілуі керек. "Алайда іс жүзінде мемлекеттің ынтымақтастыққа ықыласы байқалмайды". Transparency Kazakhstan қоры 19 сәуірде жариялаған мәлімдемеде осылай деп жазылған.

Мәлімдеме авторлары Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен құрылған "елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару" комиссиясының қоғамға есеп бермейтініне және елден активтерді қайтару процесі құпияланғанына назар аударады.

Комиссия туралы құжаттарды таратуға шектеу қойылған. "Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы" заң жобасы 31 наурызға дейін парламентке енгізілуге тиіс болған, алайда әлі күнге дейін түспеген.

"Жер телімі сияқты ұсақ мүлікті қайтару – тұтас экономика масштабында едәуір жетістіктің көрінісі емес, себебі бұл жерде әңгіме тек Қазақстандағы жалпы ішкі өніммен салыстыруға келетін активтер жөнінде болуы керек" деді мәлімдеме авторлары.

Transparency Kazakhstan сарапшыларының пікірінше, активтерді қайтару туралы заң жобасы құпия талқылана берсе, онда олигархтар мен шикізат алпауыттары арасында "тиісуге болмайтын" адамдардың тізімі жасалуы мүмкін, бұған қоса, "заңмен құқығы мүлде шектелмеген" көлеңкелі топтар пайда болуы ықтимал.

Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел байлығын белгілі бір топтар иеленіп алғанын бірнеше рет айтқан. Кей сарапшылар биліктің активтерді қайтаруға талпынысын капиталды қайта бөлісу кампаниясының бір бөлігі ретінде қарастырады. "Заңсыз шығарылған қаржыны қайтару жөніндегі" арнайы комиссия 2022 жылғы алты айда елге 631 миллиард теңге қайтарылғанын мәлімдеген.

Tax justice network ұйымының мәліметінше, кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорға шамамен 140–160 млрд доллар шығарылған. Кей сарапшылар заңсыз шығарылған ақша көлемі бұдан едәуір көп болуы мүмкін деп болжайды.

Transparency Kazakhstan сарапшылары активтерді елге қайтару процесінде ашықтық болмағаны Қазақстанның Жемқорлықты қабылдау индексіндегі рейтингісін нашарлатып жіберуі мүмкін дейді. 2022 жылы Қазақстанның рейтингідегі көрсеткіші нашарлап, 36 балл алған. Ол жемқорлық жайлаған елдер қатарында тұр.

XS
SM
MD
LG