Ақтөбеде Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Русланбек Жұбаназаровтың ісі осымен екінші рет жабылды. Бұл туралы Азаттыққа марқұмның отбасының құқығын қорғап жүрген құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев пен марқұмның жақындары хабарлады.
– Полиция мен прокуратура тағы да "бұл істе қылмыс құрамы жоқ" деп отыр. Біз оған келіспей, Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасына шағымдандық. Өйткені тергеу сотының "заңсыздықтар жойылсын" деген қаулысын не полиция, не прокуратура орындамай отыр. Қазақстандағы құқықтық құралдар тиімсіз. Апелляция алқасында шағымымыз қаралатын күн әлі белгіленбеді. Облыстық сот та бізді қолдамаған жағдайда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне арызданамыз. Мемлекет ішіндегі механизмдер тиімсіз болғандықтан, бізде басқа амал қалмай тұр, – дейді құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев.
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан ақтөбелік Русланбек Жұбаназаровтың ісі екінші рет жабылып отыр. Жұбаназаровтың қазасынан соң "билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдалану" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс 2022 жылы шілдеде тоқтатылған еді. Ол кезде де тергеу "Жұбаназаровтың өліміне қатысты істе қылмыс құрамы жоқ" деп шешкен болатын.
Биыл 24 қаңтарда Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу соты Русланбек Жұбаназаров отбасының осы кезге дейін жәбірленуші деп танылмауы заңсыз деп есептеп, істі қайта тергеуді тапсырған еді.
Осыдан соң Ақтөбе облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы 16 ақпанда Русланбек Жұбаназаровтың қарындасы Жайнагүл Бүркітқызын жәбірленуші деп таныған. Бірақ полиция жәбірленушіні қылмыстық іс материалдарымен таныстырмай, істі екінші рет жауып тастаған.
– Қылмыстық іс материалдары құпия болуына байланысты таныстыра алмаймыз деді. Мені ағамның қазасынан бір жыл өткеннен кейін жәбірленуші деп танып отыр. Бірақ одан ештеңе өзгерген жоқ, – дейді Жайнагүл Бүркітқызы.
Ақтөбе полициясы Азаттықтың Жұбаназаров ісі туралы сауалдарына жауап бермеді. Прокуратура ресми сауал жолдауды сұрады.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылының тұрғыны – 30 жастағы Русланбек Жұбаназаров Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан. Шешесі Күлсім Жұбаназарованың сөзінше, 6 қаңтарда сағат 22.00 шамасында Ақтөбе қаласына жеткен Русланбек жол сөмкесін қарындасының үйіне тастап, досымен бірге шығып кеткен. Содан хабарсыз қалған.
Кейін туыстары митингінің соңғы сағаттарында Русланбек достарымен бірге алаңға барғанын, полиция қуған кезде сол маңдағы көпқабатты үйдің ауласына қарай қашқанын білген. Сол күні сағат 4.00-ден өте Әбілқайыр хан даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінің алдында жатқан мәйітті көріп, тұрғындар жедел жәрдем шақырады. Кейін ол Русланбек Жұбаназаров екені анықталған. 7 қаңтарда туыстары марқұмның сүйегін мәйітханадан тапқан.
Алғашында билік "террорист" деп айыптап, траншеяға көмбек болған Жұбаназаровтың сүйегі туыстарына шамамен бір ай уақыттан кейін, 2022 жылғы 8 ақпанда берілген. Туыстары марқұмды келесі күні, 9 ақпанда туған ауылы – Мөңке биге жерледі.
Былтыр 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйылтылған газдың қымбаттауына қарсы наразылық басталған еді. Қарсылықты Ақтөбе халқы да қолдаған. Жергілікті тұрғындар облыстық әкімдік алдына барып, қымбатшылыққа наразылық білдірген. Наразылардың кейбірі әкімдікке басып кірмек болған. Полиция оларға көз жасаурататын газ шашып, резеңке оқ атты.
Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе облысында екі адам мерт болды. Русланбек Жұбаназаров билік демонстранттарды күштеп таратқан күні – 2022 жылғы 7 қаңтарда таң алдында оққа ұшса, екінші адам – Файзулла Нұргелдин алаңда жараланғанынан оңала алмай, екі айдан соң қайтыс болды.
ПІКІРЛЕР